Асайын Байханов Беларусь Республикасының төтенше және өкілетті елшісімен кездесті
Кездесу барысында сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, өнеркәсіптік кооперация және жаңа бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Павлодар облысы мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 15%-ға артып, 45 млн АҚШ долларына жетті.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі - көлік жасау саласы. Қазіргі уақытта Павлодар қаласында беларусьтік «Белкоммунмаш» кәсіпорны шығарған 10 трамвай қатынауда. Сонымен қатар, Беларусьтің Т-811 моделінің негізінде қазақстандық QazTehna кәсіпорны шығаратын 65 трамвай вагонын жеткізу туралы келісімшарт жасалды. Жоба өндірісті оқшаулауды дамыту мен технологиялық әріптестікті нығайтуды көздейді. Трамвай вагондарын жеткізу 2026-2027 жылдарға жоспарланып отыр.
- Біз өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниеттіміз және ашық, сындарлы диалогқа дайынбыз. Сіздің сапарыңыз қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға қосымша серпін беретініне сенімдімін, - деп атап өтті Асайын Байханов.

Тараптар гуманитарлық байланыстардың да маңыздылығына тоқталды. Павлодар облысында 5,4 мыңға жуық Беларусь этносының өкілі тұрады және «Беларусь» этномәдени бірлестігі жұмыс істейді.
Әріптестікті дамытудың нақты жалғасы ретінде қазан айында Павлодар облысының әкімдігі мен Минск және Гомель облыстық атқару комитеттері арасындағы келісімдерді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарларына қол қойылды.

Сапар аясында Беларусь делегациясы өңірдің әлеуетімен танысып, Екібастұз қаласындағы көмір өндіруші кәсіпорындарды, сондай-ақ энергетика және көлік инфрақұрылымы нысандарын аралады.
Беларусь елшісі Алексей Богданов та өз кезегінде құттықтау сөз сөйлеп, кездесудің маңыздылығын атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар іскерлік байланыстарды нығайтуға және жаңа бірлескен жобаларды іске қосуға мүдделі екендіктерін жеткізді.
Фото: Валерий Бугаев