Зиянды еңбек: Павлодар облысында 3500-ден астам адам жәрдемақыға өтініш берген
Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге биыл 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік төлемдер енгізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Арнаулы әлеуметтік төлемдер зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдар 55 жасқа толғанда және кемінде жеті жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу фактісі болғанда, еңбек қызметін тоқтатқан кезде, яғни, зиянды еңбек жағдайларына байланысты еңбек шартын бұзғанда немесе зиянды факторлардың әсерін болдырмайтын басқа жұмысқа ауысқанда қарастырылған.
– Аймақта 2024 жылғы 31 шілдедегі жағдай бойынша жәрдемақы тағайындау үшін 3537 өтініш қабылданды, – деді Павлодар облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының директоры Асылбек Сапарбек.
Айта кетерлігі, төлемдер төрт қаржы көзінен қарастырылған: республикалық бюджеттен ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде, үкіметтің қаулысы бекітілген тәртіппен БЖЗҚ-дан қолда бар зейнетақы жинақтарын ескере отырып, өмірді сақтандыру компанияларынан бірінші күнкөріс деңгейі мөлшерінде және жұмыс берушілердің қаражаты есебінен бірінші күнкөріс деңгейі мөлшерінде.