Павлодарда зауыт жанынан салынып жатқан тұрғын үйдің бас жоспарына түзету енгізілмек
Осылайша ,«Жастар» шағын ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы қолданыстағы заңнамаға сәйкес қайта қаралмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 2020 жылдың наурыз айында Павлодар қаласы әкімдігінің қаулысымен Торговая, Космонавтов көшелері мен Нефтихим автожолы ауданындағы аймақты егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бекітілген.
– 2022 жылғы наурызда демеушілік қаражат есебінен осы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына түзету енгізіліп, бекітілді. Бұл ретте әзірлеуші «ГеоДата Плюс» ЖШС «Жастар» шағын ауданының аумағына кешенді бағалау жүргізді. Аталған шағын ауданның аумағы санитарлық және экологиялық талаптарды бұзбайтынын көрсеткен экологиялық зерттеулер берілді. Бұдан басқа, бүгінгі күні 1000 метрден асатын санитарлық-қорғау аймағын сақтау мақсатында қажетті есептеулер жүргізілді, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, «Жастар» шағын ауданының аумағында 10 мыңға жуық түрлі жасыл желектерді отырғызу арқылы көгалдандыру бойынша іс-шаралар жүргізілгенін атап өтті әкімдіктегілер.
Павлодар қаласының қолданыстағы бас жоспарын функционалдық аймақтарға бөлу схемасына сәйкес «Жастар» шағын ауданының негізгі аумағы тұрғын үй және қоғамдық құрылысты дамыту үшін резервтік аумақтарға жатқызылғанын, алайда «Жастар» шағын ауданының аумағы өнеркәсіптік аумақтардың функционалдық аймағын ішінара қозғайтынын мәлімдеді.
– Осыған байланысты Павлодар қаласының әкімдігі 2 ақпан күні «Жастар» шағын ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын түзету туралы қаулыны бекітіп, қолайлы жағдай туындағанға дейін, яғни қолданыстағы бас жоспарды түзету бекітілгенге дейін жою туралы шешім қабылдады. Осылайша, Павлодар қаласының қолданыстағы бас жоспарына түзету бекітілгеннен кейін «Жастар» шағын ауданының жоспалау жобасын түзетуі қолданыстағы заңнамаға сәйкес қайта қаралатын болады, – деп толықтырды.
Айта кету керек, қазіргі уақытта Павлодар қаласының бас жоспарына түзету жүргізілуде. Онда осы шағын ауданда шалғайдағы қалалық орталықтар аймағы, яғни тұрғын үй және қоғамдық құрылысты дамытуға арналған аймақ көзделген.
Еске сала кетейік, «Жастар» шағын ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы сәулет және жер заңнамасының нормаларына қайшы қабылданғаны туралы хабарлаған болатынбыз.