Ақсу әкімі қаланың ақсақалдары және Құрметті азаматтарымен кездесті
Кездесуде қаладағы инфрақұрылым, тұрғындардың ұсыныстары мен алдағы жоспарлар талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала басшысы жиынды үлкен буын өкілдерімен ашық пікір алмасудан бастаудың маңызын атап өтті.
– Ардақты ардагерлер, құрметті азаматтар! Өте қуаныштымыз, бұл күні уақыт бөліп келдіңіздер. Білгендеріңіздей, бірінші кезекте бұл – үлкенге құрмет, сондай тәрбие, біздің менталитет, салт-дәстүріміз, – деді Ануарбек Аманов.
Кездесу барысында ақсақалдар жаңа әкімге ақ тілектерін білдіріп, қаланы дамытуға қатысты ұсыныстарын айтты.
Тұрғындардың бірі Ақсуда жолдар, жарықтандыру және ауызсу мәселесі шешімін тауып келе жатқанын атап өтіп, жаңадан салынған мәдениет үйін пайдалануға беру мәселесін көтерді.
– Дамып келе жатыр, жол бар, жарық бар, су бар әр үйде. Енді бір мәдениет үйіміз бар, жақсылап тұрып әдемілеп салып қойды, іші бәрі жабдықталған. Енді соны іске қоса алмай тұрмыз, соған көмек жасасаңыз, – деді тұрғын.
Өз кезегінде басқа қатысушылар әкімге қолдау білдіріп, қаланың соңғы жылдары абаттандырылып келе жатқанын айтты.
Кездесу соңында Ануарбек Аманов тұрғындарды ұсыныстарын ашық айтуға шақырды.
– Келіңіздер, талқылауға дайынмын. Бірге жұмыс істесек, нәтиже де болады. Қаламыз бұдан да көркейе түседі, – деді қала әкімі.
Жиын соңында ақсақалдар бата беріп, қатысушылар Ақсу қаласы әкімдігі ғимаратының алдында естелік суретке түсті.
Еске салайық, Ақсу қаласының жаңа әкімі болып Ануарбек Аманов тағайындалған болатын. Бұған дейін ол Павлодар қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Жаңа әкімнің алдына коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, қаланы абаттандыру және әлеуметтік нысандарды дамыту бойынша бірқатар міндет қойылды.