Павлодарда алғаш рет «Enbek Skills» арқылы қабілетке сай жұмыс ұсынылуда

Павлодарда алғаш рет «Enbek Skills» арқылы қабілетке сай жұмыс ұсынылуда
Константин Шелковтың фотосы

Цифрлық жүйе арқылы жұмысқа орналасу – бүгінгі еңбек нарығының басты тренді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында жұмыс іздеуші азаматтар үшін тиімді әрі заманауи шешімдердің бірі – электрондық еңбек биржасы. Бұл цифрлық платформа арқылы жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер тікелей байланысқа шығып, еңбек шарты заңды түрде тіркеледі.

Облыс бойынша 13 Мансап орталықтары жұмыс істейді. Жұмыссыз қалған азаматтар осы орталықтарға барып, алғашқы үш күнде «жұмыс іздеуші» ретінде, кейін – «жұмыссыз» ретінде тіркеледі. Осы мәртебе негізінде олар мемлекеттік қолдаулар мен ұсыныстарға ие болады.

– Электрондық еңбек биржасының басты артықшылығы – еңбек қатынастарындағы ашықтық пен әділеттілік. Бұрын жалақы «көлеңкелі» түрде төленсе, қазір әр келісім заңды түрде тіркеліп, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары толық аударылады, – дейді Павлодар облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Самал Қадырова.

Биыл облыс бойынша 15 379 азамат жұмысқа орналасқан. Олардың барлығы «enbek.kz» платформасы арқылы тіркеліп, жұмыс берушімен электрондық еңбек шартын жасасқан. Еnbek.kz платформасы негізгі үшке бөлінеді, олар skills.enbek.kz – онлайн оқыту үшін, business.enbek.kz – өз бизнес-идеяларын ілгерілету үшін өтеусіз гранттарға үміткерлер үшін және enbek.HR – кадрлық құжаттармен онлайн жұмыс істеуге арналған қосымша.

Бұл – азаматтардың еңбек құқықтарының толық қорғалуына мүмкіндік береді.

Осы жобалар жаңа түлектер мен тәжірибесі жоқ жастарға үлкен қолдау көрсетуде.

– Осы жылы студенттер бірінші рет Еnbek.kz платформасына тіркеліп, практика өтуге мүмкіндік алды, – деді Самал Қадырова.

Облыс бойынша цифрлық қызметтерді дамыту арқылы еңбек нарығында ашықтықты қамтамасыз етіп, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге нақты қадамдар жасауда. Электрондық еңбек биржасы  халық пен билік арасындағы сенімді көпірге айналуда.