Астаналық бойжеткен Ертіс ауданының кітапханасына 500-ден астам кітап сыйлады

Астаналық бойжеткен Ертіс ауданының кітапханасына 500-ден астам кітап сыйлады
Фото: Ертіс ауданының кітапханасы ұсынды

Меруерт Жұмагелдинова шетелде жүрсе де, туып-өскен ауылына тұрақты түрде кітаптар жіберіп тұрады. Бұл жас қыз үшін әдетке айналған.

@Pavlodarnews.kz. тілшісі кітапқұмар бойжеткенмен сұхбаттасып, игі істің қалай басталғанын сұрастырып білді. 

Ертіс аудандық кітапхананың сөрелерінде жастар мен балаларға арналған сирек кездесетін, жаңа заманауи басылымдар, комикстар мен түрлі жанрдағы кітаптарды табуға болады. Мемлекеттік тапсырыспен алынбайтын кітаптар да бар. Жылына бірнеше рет аудандық кітапханаға жерлесімізден сәлемдеме келеді. Ол қазір Астанада тұрса да, өзінің шыққан жерін сағынып жүреді. Түрлі  кітаптарды ауданға жіберіп тұруға патриоттық сезім түрткі болған. 

– Елдегі жемқорлық мәселесі бар екені бәрімізге мәлім. Қоршаған ортаны, елдің ішінде өзгерістерді талап ету үшін алдымен өзіңнен бастау керек. Ақылды, білімді, сыни ойлай алатын, мәдени, рухани, жанашыр ұрпақ болса, түрлі проблемалар азаятын сияқты. Парасатты, саналы адам ондай әділетсіздікке бармай, басқаларға да жол бермейді, – деп санайды Меруерт Жұмагелдинова.

Оның ойынша, дұрыс ойлана білетін азамат көп болсын деген ниетпен, өзінің туған ауылына кітаптарды жіберу туралы ой пайда болған. 

– Оқуға деген сүйіспеншілік бала кезден туады. Сондықтан да бастапқыда балаларға арналған кітаптарды сатып алып жібергенмін. Өз басым сол кітапхананың кітаптарын оқып, өстім, – деді ол. – Автор хикая арқылы кейіпкердің жандүниесін ашқан кезде, өмірдегі кездесетін сынақ пен қиындықтарды жазған кезде адамда тәжірибе жинақталады. Яғни, бұл да өмірлік сабақ ретінде есте сақталады. 

Меруерт кішкентайынан қорқынышты кітаптарды сүйіп оқитын. Әсіресе, 10-11 жасында нағыз кітап кеміргіш болған: жинап-терген ақшасына кітаптар сатып алған. Кейіннен энциклопедия мен классикалық әдебиетке көшті. 

– Кітапханаға мен балаларға арналған түрлі комикстер, сұраныста жүрген кітаптар, психологиялық, мотивациялық, өзін-өзі дамытатын және басқа да жанрдағы басылымдарды жіберіп тұрамын. Дүкендерден тапсырып беріп, не болмаса таныстарымның үйінде сақтаулы тұрған, өзім оқыған кітаптарды жинап, бір-екі топтамамен туыстарым немесе жеткізу арқылы беріп жіберемін,– деді Меруерт Жұмагелдинова.

Оның сөзінше, іздеп табу жағынан қиынға соғатын басылымдардың бірі – Гарри Поттер туралы көптомдық кітаптар. Меруерт «РОСМЭН» басылымында шыққан Гарри Поттердің кітаптарын алғысы келген. 

– Бала кезден үйреніп кеткен «РОСМЭН» аудармасы барлығына танымал. Ал 2007 жылдан олар Гарри Поттер кітаптарын шығару құқығынан айырылды. Сондықтан да аталған басылымда шыққан кітаптарды іздеу қиынға соқты. Оны түрлі дүкендерден алып, таныстарымнан іздеп, жинадым. Толық жинақты бір жыл ішінде жинап, жібердім, – дейді Меруерт Жұмагелдинова.

Кейбір басылымдарды Меруерт Иорданияда жүргенде алып, ағылшын тілінде де жеткізген. Сондықтан кітапхананың сөрелерінде сирек кездесетін кітаптардан бөлек, қымбат әдебиеттер де бар. 

– Бұрын кітаптарды өте жиі жіберетінмін – айына бірнеше рет. Ал енді қолымнан келгенше кітаптардың 1-2 қорабы жиналғасын бірден жеткізуге тырысамын. Кітапханашылардан кітаптарды қанша бала оқиды деп сұрасам, олар маған 5-7 адам келіп тұрады деп жауап береді. Әрине, оқитын адам аз, алайда бір адам тұрақты оқып тұрса да, бұл –  мен үшін үлкен жетістік. Бір саналы адам көптеген істерге барып, дамуға құштар болады, – дейді спикер. 

Аудандық кітапханаға 500-ден астам кітап сыйлаған Меруерт  жастарға тәрбиелік маңызы бар топ-10 кітаптың тізімімен бөлісті:

1. Олдос Хаксли «Остров» 

2. Маргарет Митчелл «Унесенные ветром»

3. Терри Пратчетт «Стража» циклі 

4. Стивен Кинг «Зеленая миля», «Четыре сезона»

5. Габриэль Гарсиа Маркес «Сто лет одиночества»6.  Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» 

7. Ричард Олдингтон «Смерть героя» 

8. Михаил Булгаков «Мастер и Маргарита» 

9. Теодор Драйзер «Сестра Кэрри»

10. Джек Лондон «Белый клык»