Павлодарда жедел жәрдем және мобильді экипаждың айырмашылығы түсіндірілді

2025 жылдың 1 мамырынан бастап төртінші санаттағы шақыртулар жедел жәрдем емес, емханалар жанындағы мобильді бригадаларға тапсырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында жедел жәрдем қызметі бірыңғай call-center орталығы арқылы 103 нөмірімен жұмыс істейді. Сонымен қатар, балама ретінде 112 және 32 00 24 нөмірлеріне де хабарласуға болады.
Қоңырауларды медициналық білімі бар тәжірибелі диспетчерлер қабылдайды. Олар төтенше жағдайда қажетті кеңес беріп, алғашқы көмекті қалай көрсету керектігін түсіндіре алады. Әрбір шақыру шұғылдық деңгейіне байланысты төрт санатқа бөлінеді. Шақыртудың сипатын нақты анықтау үшін диспетчердің сұрақтарына мұқият және толық жауап беру маңызды. Бірінші, екінші және үшінші санаттағы шақыртуларды жедел жәрдем бригадасы алады.
Ал, 2025 жылдың 1 мамырынан бастап төртінші санаттағы шақыртулар жедел жәрдем емес, емханалар жанындағы мобильді бригадаларға тапсырылды. Бұл – өмірге тікелей қауіп төндірмейтін, бірақ медициналық араласуды қажет ететін жағдайлар. Мұндай топ құрамында фельдшер болады, ол барлық қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық құралдармен жабдықталған.
– Мобильді бригадалар жұмыс күндері сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін, сенбі күні 08:00-ден 13:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Басқа уақыттарда бұл санаттағы шақыртуларды жедел жәрдем бригадалары орындайды, – деді «103» қызметінде.
Шақыртуларды жүйелеу және мобильді бригадаларды іске қосу – жедел жәрдем қызметін тиімді ұйымдастырудың маңызды қадамы. Бұл тәсіл жедел медициналық көмектің уақытылы әрі сапалы көрсетілуіне мүмкіндік береді.