Павлодарда жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан қабылдау тағы да тоқтатылды

Оған жүйедегі техникалық ақау себеп болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Павлодар облысы бойынша филиалының мәліметінше, Космонавтар көшесі, 2 мекенжайында орналасқан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында емтихан қабылдаудың тоқтауына жүйедегі техникалық ақау себеп болған.
– Қазіргі таңда қызмет көрсетуші ұйым мәселені жою бағытында тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Практикалық емтиханды қайта тапсыру мерзімі туралы қосымша ақпарат ресми дереккөздер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарланатын болады, – деді филиалда.
Мемлекеттік корпорация өкілдері қала тұрғындарынан уақытша қолайсыздық үшін кешірім сұрап, түсіністік танытқандары үшін алғыс білдірді.
Еске сала кетейік, 25 тамызда жүргізуші куәлігін алу үшін практикалық емтихан қабылдау уақытша тоқтатылған болатын. Екі күннен кейін мамандандырылған ХҚКО қалыпты жұмыс режиміне оралды.