Павлодар облысында жұмыссыздық мәселесімен қалай күресуде?

Павлодар облысында жұмыссыздық мәселесімен қалай күресуде?
Фото:pixabay.com/kaboompics

Бұл ретте бейнді басқармалар жоспарды қарқынды орындауға тырысып келе жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық қоғамдық кеңестің спорт, туризм және жастар саясаты жөніндегі комиссиясы өңірдегі жастар саясатының іске асырылуына мониторинг жүргізді. Павлодар облысында 35 жасқа дейінгі жастардың саны 207 663 адамды құрайды. Аймақта13 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді, біреуі облыстық, екеуі қалалық, ал 10-ы аудандық. 

– Жастар ресурстық орталықтары тұрақты түрде бірінші жастар мен жас отбасылардың тұрғын үй мәселелерін шешуге жәрдемдесу, кәсіпкерлік және мемлекеттік өңірлік бағдарламаларға қатысуға қолдау көрсету, кәсіптік бағдар беру мәселелері, психологиялық көмек көрсету, жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі, –деді «Miras» өңірлік кеңесінің төрағасы Дулат Әбетжанов.

Мысалы, Жастар бастамаларын дамыту орталығы мен филиалдары 33 бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Нәтижесінде 258 жас жұмысқа орналасты. 

– Жастарды жұмыспен қамтуды қамтуды қалалар мен аудандардың мансап орталықтары жүзеге асырады. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында «Бастау бизнес» бойынша жобасы 161 жас кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. 295 жұмыс берушінің қатысуымен 38 бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 1717 жас қатысып, мыңнан астам бос жұмыс орындарын ұсынған болатын, соның ішінде 201 адам жұмысқа орналасты, – деді ол.

Десе де, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2024 жылдың бірінші тоқсанында 2,6 пайыздан 2025 жылы 2,7 пайызға дейін өсті. Салыстырмалы түрде көрші Абай облысындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі 2,3 пайызды құрап отыр. Көрсеткіштердің төмендеуін обылстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самал Қадырова түсіндірді. 

– Шынында да, қазір бізде жастар арасында жұмыссыздықтың өсуі 0,1 пайызды құрайды. Мұның бірнеше себептері бар. Өткен жылы республикалық бюджеттен 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 164 микрокредитке, сондай-ақ, «Ауыл аманаты» бағдарламасына ақша бөлінуі тиіс еді. Алайда республикалық бюджеттен қаржыландыру болған жоқ, сондықтан бұл жобалар іске асырылмады. Жастарымыздың хабардарлығы төмен болуы тағы бір себепке жатады деп ойлап тұрмыз. Осы бағытта біз белгілі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында бұл көрсеткіш артады деп күтеміз, – деді Самал Қадырова.

Биыл жоспар бойынша жастар арасынан 8000-нан астам адамды жұмысқа орналастырылуы керек. Бүгінде 3000-ға жуық адам жұмыс тапты. Сондай-ақ, «Жастар практикасы», «Менің бірінші жұмыс орным» жобалары бойынша жұмыстар жалғасады. Жазғы уақытта мектеп оқушыларының бос уақытын қамту үшін Enbek.kz. порталында «Менің жазғы демалысым» деген бөлім пайда болды. Аталмыш сайт арқылы оқушылар тіркеліп, өздеріне қолайлы жұмыс тауып, еңбек ете алады.