Павлодар облысында теміржолға жақын жерде мал жаю тыйылар емес

Павлодар облысында теміржолға жақын жерде мал жаю тыйылар емес
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл басынан бері 15 мал поезд астында қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Теміржол бойында бөгде заттың жатуы, бөтен адамдардың белгіленбеген жерден өтуі, оған қоса жолға мал шығып кету оқиғалары – қозғалысқа қауіп келтіретін басты факторлар. Павлодар станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері теміржолға жақын елді мекендер тұрғындарының жайылымға жіберген малдарының жолға шығып кетуі, соның салдарынан оқыс тежеу беруді болдырмау үшін ұдайы күрес жүргізіп келеді. 

Мамандар мал иелеріне «Теміржолға жақын жерде мал жаю ережелерін» үнемі түсіндірумен әлек. Негізі ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 559-бабына сәйкес малды рельстен 300 метр алыс қашықтықта тек байлап бағып, жаюға, ал тұрақты қадағалай отырып 2000 метр қашықтықта бағуға рұқсат етіледі. 

– Жыл басынан бері Павлодар облысы бойынша 17 рет оқыс тежеу беріліп, 15 мал поезд астында қалды. Ал екі рет оқыс тежеу бергенде мал басуға жол берілмей, олар жолдан өтіп үлгерді, – Павлодар станциясындағы желілік полиция бөлімінде. 

Осы аралықта ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 559-бабының 1-5 бөлімінің құқықтарын бұзғаны үшін 1133 азамат жауапкершілікке тартылды.