Павлодар облысында қала көшелерінің диагностикасы мен паспорттауы жасалды

Павлодар облысында қала көшелерінің диагностикасы мен паспорттауы жасалды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жол диагностикасы жолдың жақсы немесе жөндеуді қажет ететінін анықтауға көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Биыл өңірде 120 жол жөндеу жобасы жүзеге асырылды. Қалалық «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» филиалы биыл республикалық маңыздағы 1600 шақырымнан астам автожолды тексерді. 

– Жүргізілген тексерулер нәтижесінде облыста 178 миллион теңгеден астам қаражатты оңтайландыруға мүмкіндік туды. Оның ішінде 40 миллион теңгесі – жергілікті жолдарға қатысты, – деді орталық мамандары.

Тексеру кезінде жарықтар, шұңқырлар, ойықтар, жолдың тозуы сияқты ақаулар белгіленеді. Сонымен қатар жолдың қозғалысқа қаншалықты жарамды екені мен нормативтерге сәйкестігі бағаланады. Бұл жұмыстар арнайы құрылғылармен жабдықталған жылжымалы зертхана арқылы жүргізіледі. 

Жыл ішінде мамандар орташа жөндеу жобалары бойынша 33 сараптама қорытындысын шығарды. Барлығы 68 сараптама жасалды. Олар республикалық, облыстық, аудандық жолдар мен елді мекендердің көшелеріне қатысты техникалық құжаттарды қамтыды.

Еске сала кетейік, инженерлер 200 километрден астам қала жолдарын тексеріп, 56 көшені толық қарап шықты.