2026 жылы павлодарлықтар онкоскринингті тегін өте алады
Бұл пакет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін біріктіреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры КАҚ-ның облыс бойынша филиалы директорының орынбасары Әсел Оқапованың айтуынша, жаңа жүйе аясында сақтандыру мәртебесіне қарамастан, әрбір азаматқа шұғыл және паллиативті көмек, бастапқы медициналық-санитарлық көмек инфекциялық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу қызметтері көрсетіледі.
– Егер адам уақытша жұмыссыз болса немесе сақтандыру жарнасын төлей алмаса да, оған шұғыл жәрдем, паллиативтік көмек және алғашқы диагностика тегін көрсетіледі. Бұл мемлекет кепілдік беретін қызметтердің тізіміне кіреді, – деп бөлісті Әсел Оқапова.
Бұған дейін онкологиялық скрининг тек сақтандырылған азаматтарға қолжетімді болса, келесі жылы ол барлық азаматтарға тегін жүргізіледі.
– Онкологиялық ауруларды ерте анықтау – қазіргі таңда ең өзекті бағыттардың бірі. Бұл өзгеріс әсіресе әлеуметтік тұрғыда әлсіз топтарға, декреттік демалыстағы әйелдер мен уақытша табыссыз қалған азаматтарға зор мүмкіндік береді, – деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар, жаңа тізімге қан тамырлары ауруларын ерте анықтауға және инсульттің алдын алуға бағытталған зерттеулер енгізіледі.
Сақтандырылған азаматтар бұрынғыдай жоғары технологиялық операцияларға, ағза трансплантациясына, қымбат диагностикалық зерттеулерге, жоспарлы госпитализация мен терең кеңестік-диагностикалық тексерулерге қол жеткізе алады.