Павлодарда қазақ фольклортану ғылымында өшпес із қалдырған тұлғаның еңбектері талқыланды
Бекмұрат Уахатов мұрасына арналған конференция өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бейсен Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжде Бекмұрат Уахатовқа арналған «Тұлға қалыптастыруға адалдық феномені: Бекмұрат Уахатовтың өмір жолы мен «Адал азамат» бағдарламасының сабақтастығы» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Іс-шараға ғалымдар, ЖОО оқытушылары, мектеп мұғалімдері, балабақша тәрбиелеушілері қатысты.
Конференция барысында «М.Әуезовтің талантты шәкірті», «Кереку өңірі – атақты ғалымдар бесігі», «Ауыз әдебиетінің ақтаңгері», «Бекмұрат Уахатұлы зерттеулеріндегі балалар фольклорының поэтикасы», «Бекмұрат Уахатұлы – ғұмырнамасы мен әдеби мұрасы», «Өмірін ғылыммен өрнектеген жан» секілді мазмұнды баяндамалар қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Жиналғандар Бекмұрат Уахатовтың алты томдық еңбектерімен, жеке кітаптарымен және ғалым туралы әдебиеттермен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Айта кетейік, көрнекті әдебиеттанушы-фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы Бекмұрат Уахатов – қазақ фольклортану ғылымында өшпес із қалдырған бірегей тұлға.