Павлодар облысында қарбыз арқылы есірткі тасымалдаған қырғыз азаматы ұсталды
Тәркіленген есірткінің жалпы құны 2,5 миллион доллардан асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Polisia.kz ақпараттық медиа порталының мәліметінше, ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті Павлодар облысының полиция департаментімен бірлесіп, жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу барысында ҚР арқылы өткен героиннің ірі партиясы «транзитінің» жолын кесті
– Шілдеде Павлодар – Омбы бағытындағы автожолда арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгерлерінің күштік қолдауымен жүк көлігін тізгіндеген 54 жастағы Қырғызстан Республикасының азаматы ұсталды. Жүк көліктің Volvo маркалы тіркемесінде Қырғызстаннан Ресейге жеткізілуі тиіс қарбызбен қоса, 59 килограмм «героин» салынған 21 полиэтиленді орама және 10 килограмм «гашиш» салынған екі орама анықталып, тәркіленді, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.
Бұл шамамен 250 мың бір реттік доза, оның қара нарықтағы құны 2,5 миллион доллардан асады.
– Қазіргі уақытта осы есірткі қылмысының өзге қатысушылары мен ұйымдастырушыларын, сондай-ақ есірткі жеткізудің басқа да ықтимал арналарын анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде, – деді Асқар Мұхаметқалиев.
ҚР ҚК-нің 286-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды (Айналымнан алынған заттардың немесе айналымы шектелген заттардың контрабандасы). Қылмысты ұйымдастырушыға мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.