Павлодарда дүкен иесі жарты миллион теңгеге жуық айыппұл төлейді

Павлодарда дүкен иесі жарты миллион теңгеге жуық айыппұл төлейді
Фото: Константин Шелков

Ол заңсыз түрде ішімдік сатқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Абай көшесіндегі дүкендердің бірінде рұқсат етілмеген уақытта алкоголь сусындарын сату фактілері анықталды. Дүкенде сағат 05:50-де және 02:40-та ішімдік сатылған. 

– Мас күйінде қылмыс жасау ықтималдығын азайту - полицияның алкоголь өнімі айналымы саласындағы заңнаманы сақтау жөніндегі жұмысының мақсаты. Себебі, көбіне жанжалды жағдайлар мен басқа да бұзушылықтар алкогольдік ішімдіктерді ішкеннен кейін пайда болады, – дейді департаментте.

Айта кету керек, әрбір факті бойынша кәсіпкерге әкімшілік хаттамалар толтырылып, сотта қаралды. Сот қаулысымен дүкен иесінің лицензиясы үш айға тоқтатылып, 120 АЕК көлемінде айыппұл салынды.