Павлодар облысында қаржы жүйесі қызметкерлерінің күні аталып өтті
Асайын Байханов ардагерлерді және қаржы жүйесінің қызметкерлерін құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Естай атындағы мәдениет сарайында ұлттық валютамыз – теңгенің 30 жылдығына және қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты концерт өтті.
– Қазақстанның ақша бірлігі – теңге 1993 жылы 15 қарашада күрделі экономикалық жағдайларда айналымға енгізіліп, мемлекеттік егемендіктің маңызды атрибуттарының біріне айналды. Осы жылдар ішінде қаржы саласының қызметкерлері ел экономикасының қалыптасуына орасан зор үлес қосты. Бүгінде сіздердің алдарыңызда жаңа міндеттер тұр: бюджет ресурстарын тиімді пайдалану, еліміздің экономикалық қауіпсіздігі, ұлттық валютаның тұрақтылығы, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге және өңір халқының өмір сүру деңгейін арттыруға барлығымыз жауаптымыз екенін еске салып өтіп, бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қаржылық тұрақтылықты нығайту бойынша басым міндеттерді іске асыратынымызға сенімді екенін жеткізді. Сондай-ақ, осынау айтулы мереке күні барлығына мықты денсаулық және амандық тіледі.
Көп жылғы адал еңбегі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін облыс әкімі қаржы саласының ардагері Виктор Бочинге «Облыс алдына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті. Сондай-ақ, өңір басшысы бірқатар қаржыгерлерді облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапаттады.
«Теңгеге 30 жыл» мерейтойлық медалімен Павлодар облысы бойынша қазынашылық департаментінің басшысы Марат Жұмабаев марапатталды.
Салтанатты іс-шара Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның мерекелік концертімен аяқталды.
Фото: Валерий Бугаев