Павлодарлық аграршылар Астанада 500 тоннадан астам дайын өнім сатты
Павлодар облысының қалалары мен он ауданы Астанадағы ірі ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ертіс өңірінен ауыл шаруашылық тауар өндірушілері елорда тұрғындары үшін бірнеше тонна сапалы өнім әкелді.
Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Алтынай Бектасованың айтуынша, павлодарлықтар 4,5 тонна сүт, 27 тонна азық-түлік өнімдерін, 20 тонна картоп пен 10 тонна сәбіз әкелген.
Ет пен көкөніс сатушылардың жанында сатып алушылар көптеп жиналды. Жұртшылық ұнды қап-қаппен сатып әкетіп жатты. Астаналықтар қарбыздан да бас тартпады.
– Біз жыл сайын Аққулы қарбызын әкелеміз. Адамдар қуана қарсы алады. Бұл – экологиялық қоспасыз, таза өнім, – деді Аққулы ауданы шаруа қожалығының өкілі Лаура Расильбаева. – Басқа шаруа қожалықтары тамшылатып суарумен айналысады, бірақ бізде жердің өзі құнарлы. Қарбыздың тамыры 10-нан 15 метрге дейін, суды өздігінен табады. Бұл жолы жәрмеңкеге сегіз тонна әкелдік, қарбыздың орташа бағасы – 1000 теңге, екі күнде сатамыз.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде Павлодар облысы елорда тұрғындарын балмен қамтамасыз етсе, Абай облысы жидек өнімдеріне баса назар аударды.
– Біз өзіміздің сапалы балымызбен бәсекелестікпен күресеміз, – деді Павлодар ауданы Розовка ауылының кәсіпкері Николай Хохленко. – Бізде балдың бірнеше түрі бар: қарақұмық, күнбағыс. Адамдар дәм татып, алып жатыр. Саудаға ризамыз. Шамамен 100 килограмм саттық, енді жарты тонна сатамыз деп отырмыз.
Елорда тұрғындары Ертіс ауданының майының дәмін ұнатып, сатып алып жатты. Сатушы Гаухардың айтуынша, май таза сүттен жасалған, сондықтан өте дәмді. Сатып алушылар қысқа уақыттың ішінде ірімшік, сулугуни, моцарелла, қаймақ, сүзбе сияқты сүт өнімдерін талап әкетті.
Павлодарлық аграршылар жәрмеңке дәстүрлі түрде екі күнге созылады, осы уақыт ішінде 350 млн теңгеден астам сомаға 560 тонна түрлі өнімді сатуды көздеп отыр.