100 етікші: Павлодар облысында кәсіпкер аяқ киім тігуді тегін үйретуге дайын
Тұрсынбек Ерзада Успен ауданына 2023 жылы наурыз айында қоныс аударған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жас кәсіпкер 2001 жылы Қытайда дүниеге келген және алты жасқа дейін сол елде тұрған. 2017 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылына қоныс аударады. Мектепті бітіргеннен кейін Петропавл қаласы университетіне «машина жасау және стандарттау» факультетіне оқуға түседі. Десе де, бастапқыда көңілі қалап, таңдаған мамандығына деген қызығушылық басылып, жеке кәсіппен айналыссам деген ой пайда болады. Осылайша етікшілік өнерінің қыр-сырын үйренуге ден қояды.
– Мен бұл кәсіпті Талдықорғанда үйрендім. Сол жерде ұстазымнан етік тігу әдісін меңгеріп, үш жыл бойы еңбек еттім. Уақыт өте келе өз шеберханамды ашу туралы ой пайда болды. Дегенмен, ол үшін құрал-жабдықтарды қалай және қандай қаражатқа аларымды білмедім, – деп еске алады Тұрсынбек Ерзада.
Қасындаға жора-жолдастары бұл арманын жүзеге асыру үшін Павлодар облысына көшіп баруға кеңес берген.
– Бұл жақта өндірісті дамытуға мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетілетінін білдім. Бұл мүмкіндікті мүлт жіберіп алмауға бел байлап, 2023 жылдың наурыз айында Успен ауданына қоныс аудардық. Жас кәсіпкерлерге арналған гранттар байқауына қатысып, өз жобамды ойдағыдай қорғап шықтым, – дейді ол.
Қолөнершінің айтуынша, байқау нәтижесінде алған бес миллион теңгеге шеберханасын іске қосып, қажет құрал-жабдықтар сатып алған, «Саптама етік» жеке кәсіпкерлігін ашқан. Бүгінде бұл іске мектеп оқушылары мен жастар қызығушылық білдіретін көрінеді. Ұлттық нақышта ою-өрнекпен безендірілген балалар мен әйел адамдарға, ерлерге арналған етіктердің түр-түрін сатып алуға болады. Сырты таза былғары болса, іші қойдың жүнінен жасалған.
– Шикізатты Екібастұз қаласы мен еліміздің оңтүстік өңіріндегі Текелі ауданынан сатып аламын. Кейде бір етікті бір тәуліктің ішінде дайындап шығамын. Жалпы «Павлодар облысына 100 етікші» деген сияқты жоба құрғым келеді. Бұл кәсіпті үйренемін деген азаматтар болса, тегін үйретуге дайынмын. Осылайша еліміздің экономикасын өркендетуге, етік тігу өндірісін дамытуға өз үлесімді қоссам деймін, – дейді Тұрсынбек Ерзада.
Бүгінде отандық өнімді сатып алушылардың дені – облыс аудандарының тұрғындары. Сонымен қатар, бұған дейін тапсырып беріп жүрген Алматы облысынан да тұтынушылар бар. Жас кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін одан әрі дамытып, қасына көмекші алуды жоспарлап отыр.