Павлодар облысында жылқы етін тасымалдаған тұрғын полицияға жеткізілді
Ер адамның тиісті құжаттары болмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде мал ұрлығы фактілерінің, мал басының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жолын кесу мақсатында үнемі рейдтік іс-шаралар өткізіледі. Сондай-ақ, полицейлер мал басын, ет өнімдерін тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлікті тексереді.
– 12 қарашада патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Ленин кентінің маңындағы Павлодар - Қызылорда автожолының 11 шақырымында «Ауди-80» маркалы автокөлікті ұстады. Жүргізуші жылқының тушасын тиісті құжаттарсыз тасымалдаған. Әрі қарай талқылау үшін жүргізуші мен жүгі бар көлік полицияның учаскелік пунктіне жеткізілді, – деді департаментте.
Бүгінгі таңда 2145 тұрғын мал мен етті тиісті құжаттарсыз тасымалдаған. Тәртіп сақшыларымен ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабына сәйкес жиналған әкімшілік материалдар іс жүргізу шешімін қабылдау үшін ветеринарлық инспекцияға жіберілді.
Полиция департаменті мұнай өнімдерімен ластанған автокөліктерде, шанақтарда, контейнерлерде, сондай-ақ ерекше өткір иісі бар жүкпен бірге ет тасымалдауға жол берілмейтінін еске салады. Етті тасымалдау өнімнің сапасын сақтау үшін барлық қажетті нормаларды сақтай отырып жүргізілуі тиіс. Малды және етті тасымалдау кезінде тиісті құжаттар болуы тиіс.