Павлодарлықтар EXPO-да: ғылым мен табиғи өнімдер тоғысы
Астанада «RES 2026 EXPO» халықаралық диалог, инвестиция және жасыл технологияларды енгізу көрмесінің екінші күні өтіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысынан келген онға жуық кәсіпорын өз өнімдері мен технологияларын ұсынып, жаһандық мәселелерге нақты шешімдер көрсетуде. Соның ішінде өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы азайту және жаңа буындағы берік құрылыс материалдарын жасау бар.
Қалдықтан – құрылыс материалы: жас ғалымдардың әзірлемесі
Торайғыров университетінің екінші курс докторанты Сәбит Маусымбаев химиялық инженерия саласында жұмыс істейді. Ол халықаралық көрмеде өндірістік қалдықтардан құрылыс материалдарын алу технологиясын таныстырды. Аймақта мұндай қалдықтар жетерлік.

Жас ғалымның айтуынша, жоба өңірдегі ірі металлургиялық кәсіпорындардан шығатын техногендік қалдықтарды азайтуға бағытталған.
- Біз техногендік қалдықтарды өңдеп, құрылыс керамикасына арналған композициялық материалдар жасаймыз. Павлодар облысында мұндай қалдықтардың көлемі өте көп - көмір күлі, қызыл шлак, металлургияның түрлі жанама өнімдері. Олар ондаған жыл бойы полигондарда жиналып, қоршаған ортаға зиян келтіруде, - дейді Сәбит Маусымбаев.

Ғалымдардың басты мақсаты - қалдықтарды жай ғана жою емес, оларға екінші өмір беру.
- Біз бұл қалдықтарды Май ауданынан алынған сазбен араластырамыз: шамамен 80 пайыз саз және 20 пайыз күл немесе металлургиялық шлак, не қызыл шлам. Соның нәтижесінде құрылыс саласына жарамды, берік әрі тұрақты материал аламыз, - деп түсіндірді ғалым.
Алғашқы үлгілер беріктікке, су сіңіруіне және фазалық құрамына қатысты сынақтардан өтті. Нәтижелері жақсы химиялық әрі технологиялық көрсеткіштерді көрсетті.
Қарапайым тілмен айтқанда, қалдықтардың өзінде қажетті компоненттер бар. Олардың құрамында кальций мен кремний оксидтері секілді байланыстырғыш қасиет беретін элементтер кездеседі. Сондықтан олардың әлеуетін тиімді пайдалану маңызды.
Қазіргі таңда жоба авторлары ірі компаниялармен ынтымақтастыққа дайын және өндірісті өнеркәсіптік деңгейде іске қосуға ғылыми сүйемелдеу көрсетпек.
Табиғатты цифрлық зерттеу
Павлодарлық докторанттардың тағы бір жобасы фототұзақтар арқылы жабайы табиғатты зерттеуге арналған. Зерттеу екі жылдан бері жүргізіліп келеді және биыл да жалғасады.
«Солтүстік-Шығыс Қазақстандағы аңшылық кәсіптік сүтқоректілердің таралуын геоақпараттық модельдеу және картографиялау» атты жоба биоалуантүрлілікті кешенді зерттеуге бағытталған. Онда қашықтан зондтау, картографиялау және ГИС технологиялары сияқты заманауи әдістер қолданылады.
Бұл әзірлемені Қазақстанның басқа өңірлерінде және табиғи парктерде қолдануға болады. Ғалымдар ынтымақтастыққа ашық.
Табиғи өнімдер мен өңірлік брендтер
Павлодарлықтар көрмеге тек технологиялық әзірлемелер ғана емес, сонымен қатар өз өндірісіндегі табиғи өнімдерді де алып келді. Бұл - дәл осы өңірде қалыптасқан, бүгінде Павлодар облысының айрықша брендіне айналған бірегей өнімдер.

Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының қайта өңдеу және кооперация бөлімінің басшысы Ерғанат Әубәкірдің айтуынша, жергілікті кәсіпорындар ет консервілерін, макарон өнімдерін, газдалған сусындарды, сондай-ақ ұлттық тағамдар - құрт пен тарыны ұсынды.
Көрмеге келушілердің ерекше қызығушылығын Май ауданындағы «Ақжар өндіріс» компаниясының консервілері тудырды. Кәсіпорын соңғы бес жыл ішінде толыққанды өндірістік желі құра алды.

Бұл өнім - жүйелі жұмыстың нәтижесі. Компания шағын өндірістен толыққанды цехқа дейін өсіп, бүгінде барлық сапа талаптарына сай экологиялық таза консервілер шығарады.
- Сонымен қатар, «Экодом» компаниясының өнімдері де үлкен қызығушылық тудырды. Олар бірнеше жылдан бері тұрақты өндіріс жолға қойып, ішкі нарықпен қатар экспортқа да шыға бастады. Әсіресе, түрлі түсті құрт ерекше назар аудартты. Бұл өнім Ресейдің көршілес өңірлерінде өз орнын тауып, ірі сауда желілерінде сатылуда. Бұл - дәстүрлі өнімді жаңаша ұсынып, оны сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті етуге болатынының айқын мысалы, - деді Ерғанат Әубәкір.
Қазіргі таңда «Экодом» компаниясы аграрлық корпорация арқылы жеңілдетілген несие түрінде мемлекеттік қолдау алып, сүт өнімдерін өңдеу бағытында өндіріс көлемін кеңейтуде.
Минералды судан дәрумендерге дейін
Көрмеде павлодарлық «Павлодарское» минералды су бренді де таныстырылды. Шетелдік қонақтар өнімнің қасиеттері мен өндіріс технологиясына ерекше қызығушылық танытты.

Ал «Жасыл ферма» компаниясы 30-дан астам табиғи дәрумен мен денсаулыққа пайдалы өнімін ұсынды. Компанияның аға менеджері Ксения Мазепаның айтуынша, олар экологиялық тазалық пен жергілікті шикізатқа басымдық береді.
- Біз Павлодар өңірінде өсетін өсімдіктер негізінде толықтай табиғи дәрумендер өндіреміз. Бұл - арпа шырыны, бидай өскіндерінің шырыны, тамыр сығындылары. Барлық өнім Павлодарда дайындалады және құрамында жасанды қоспалар жоқ, - деді Ксения Мазепа.

Бүгінде компания 30-дан астам өнім түрін шығарады және ассортиментін кеңейтуді жалғастырып келеді. Өнімдер Қазақстанның барлық өңірлеріне жеткізіледі. Табиғи әрі экологиялық таза өнімдерге сұраныс тұрақты өсіп келеді.
Айта кетейік, Астанада «RES 2026 EXPO» көрмесінің екінші күні өтуде. Оған 30 елден 230 компания мен ұйым қатысуда.
Олар энергетика және жасанды интеллект салаларындағы жасыл технологиялар мен шешімдерді ұсынуда. Сонымен қатар қалдықтарды қайта өңдеу, баламалы энергия көздерін іздеу және экологиялық құрылыс бағытындағы стартаптар мен жаңа идеяларға ерекше көңіл бөлінген.