Павлодар облысында үш орманшылық көшеттерді отырғызу жоспарын орындамаған
Осыған байланысты былтырғы жерсінбеу деңгейі төмен болып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірлік даму орталығында өткен кеңесте 2023 жылы орман дақылдарын отырғызу және Кешенді жоспарды орындаудың нәтижесі талқыланды. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Шәміл Елубаевтың сөзінше, былтыр 2936 гектар жерде 15 мыңнан астам қарағай көшеті отырғызылды. Жоспар 50 пайызға орындалмаған.
– 2023 жылға арналған отырғызу жоспарын әкімдіктің қарамағындағы үш орман қорғау мекемелері орындаған жоқ. «Ертіс орманы» резерваты 2828 гектар, ал Баянауыл ұлттық табиғи паркі 40 гектар аумағында қылқан жапырақты орман дақылдарын отырғызған. Екеуінде де жерсіну көрсеткіші 30 пайыздан асады, ал үш орманшылықта жерсіну нөл пайызды құрады, – деді Шәміл Елубаев.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаевтың айтуынша, орманшылықтарда конкурстық рәсімдер кеш жарияланған. Сондықтан олар отырғызу материалын сатып алып үлгермеген.
2024 жылға 4428 гектар аумақта орман дақылдарын отырғызу жоспарлануда. Атап айтқанда, «Ертіс орманы» резерваты бойынша – 14 568 көшет, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде – 190 мың, Павлодар орман шаруашылығында – 4379 көшет, Максим-Горький орман шаруашылығында – 2162, Үрлітүп орман шаруашылығында 3085 көшет отырғызу көзделеді.