Екібастұзда экологтар үш кәсіпорыннан заң бұзушылықтар анықтады

Екібастұзда экологтар үш кәсіпорыннан заң бұзушылықтар анықтады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тексерулер асфальт-бетон зауыты, ГРЭС-1 және көмір кәсіпорнының қызметіне қатысты жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық экология департаменті Екібастұздағы бірқатар кәсіпорындарды тексеру нәтижелерін жариялады. Екі жағдайда тексеруге қала тұрғындарының өтініштері негіз болған.

«EXTRACLASS» ЖШС-нің асфальт-бетон зауытын тексеру кезінде кәсіпорында жобалық шешімдер бойынша мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болмағаны анықталды.

Компания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 216 250 теңге айыппұл төледі. Экология департаменті мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынғанға дейін зауыт қызметін тоқтата тұру туралы талаппен сотқа жүгінді.

Тағы бір тексеру тамыз айында «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-де жүргізілді. Экологтар көміртегі оксиді шығарындыларының белгіленген нормативтен асып кеткенін анықтады. Рұқсат етілген көрсеткіш секундына 125,85365 грамм болғанда, нақты көрсеткіш 191,146 грамға жеткен.

Сондай-ақ кәсіпорында тиісті экологиялық рұқсатсыз қалдықтарды жинақтау фактілері анықталды.

– Анықталған бұзушылықтар бойынша жалпы сомасы 140 миллион теңгеден астам әкімшілік іс қозғалды. Кәсіпорынның өтінішхаты бойынша әкімшілік материалдар қарау үшін сотқа жіберілді, – деп хабарлады ведомстводан.

Екібастұз тұрғынының тағы бір өтініші бойынша «Ангренсор Энерго» ЖШС тексерілді. Көмір тілігінің сыртқы үйіндісі аумағынан эндогендік өрт ошақтары анықталған.

Кәсіпорынға жалпы сомасы 2 миллион 311 мың 670 теңге айыппұл салынып, ол толық төленді. Экология департаменті өрт ошақтары жойылғанға дейін компанияның экологиялық рұқсатының қолданылуын тоқтата тұру туралы сотқа талап арыз берді.

Ведомство анықталған заң бұзушылықтардың жойылуын бақылауды жалғастырады.