Павлодарлық ұстаз Шағбан айының шарапаты туралы айтып берді
Шағбан айы 11 ақпанда басталып, 11 наурызға дейін жалғасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Шағбан айы – исламдағы қасиетті үш айдың бірі. Бұдан кейін ораза ұстау парыз етілген Рамазан айы келеді. Шағбан айының 15-ші күні күндіз ораза ұстап (24 ақпан), түнін (Бараат түні, 25 ақпанға қараған түні) ғибадатпен өткізудің сауабы мол.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетіне Шағбан айы кіргенде тазаланып, ниетімізді дұрыстауды өсиет еткен.
«Шағбан» сөзі «көп жақсылықтың бастауы» деген мағынаға ие. Бұл ай Ережеп айының бітуінен хабар беріп, Рамазанның жақындағанын сүйіншілейді.
– Осы айда Алла үшін ізгі амалдарды арттыру керек. Алла разы болды деген нәрсе – Алланың бізге берер сыйы. Алланың уәде еткен жәннатына кіру үшін – Алла разы болатын амалдарды жасау керек. Алла елшісі (ﷺ): «Ережеп – Алланікі, Шағбан – менікі, Рамазан – үмбетімнің айы», – деген. Яғни, барлық күнәсінен арылып, жақсы амалдарыман мол сауап жинайтын ай. Алла елшісінің тағы бір хадис-шарифінде айтылғандай, Шағбан айында жасалған дұға кері қайтарылмайды, – дейді Мәшһүр Жүсіп мешіті қыздар-әйелдер секторының жетекшісі Ақерке Тұрғынбай.
Айта кетейік, осы айда ораза ұстаған адамға Алланың шарапаты жауады. Алайда Шағбан айының оразасын шамасы жеткендер ғана ұстағаны абзал. Шағбан айында үздіксіз ораза тұтып, Рамазан айындағы парыз оразаға шамасы келмей қалуынан сезіктенген адам болса, ол адамға Шағбан айында ораза тұтудың қажеті жоқ.
Осы айда ниетімізді түзеп, нәпіл ораза ұстап, мүмкіндігінше тазаланып, дұға жасап өзімізді қорғайық. Құран оқып, қиналған жандарға, науқастарға, қиындыққа тап болған мұсылмандарға Алладан жеңілдік, шипа тілейік. Өйткені, «Құран оқу – көңілдің шипасы» (хадис).