Павлодарда тұрмыстық қалдықтан қалай табыс таба алады

Қалдықтардың түрлеріне қарай белгіленген төлем мөлшерлемесі бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Енді қалдықтарды EcoQolday мобильді қосымшасы арқылы сатып, табыс табуға болады. Қосымшаны «Жасыл Даму» ұлттық операторы ұсынды. Осының арқасында тұрғындар экологияға үлес қосады.
— Қосымша қалдықтарды қайта өңдеуге тапсыратын жеке және заңды тұлғаларға арналған. Схема қайта өңдеуге шыны ыдысты, қағазды, картонды, пластик қаптаманы және пленканы сатуға өтінімдер жасауға мүмкіндік береді. Қалдықтардың әр түрі үшін белгіленген төлем мөлшерлемесі қарастырылған, — деп пайымдады қоғамдық кеңестің мүшесі Марина Регатунова.
Оның сөзінше, Орталық Азияда бұндай цифрлық қосымшаның баламасы жоқ. EcoQolday қосымшасы арқылы азаматтардың арасында табиғатты аялау және құрметтеу мәдениеті қалыптасады деп күтілуде.
Мысалы, қағаз қалдықтарының бір келісі үшін Үкімет 45,61 теңге, шыны қаптаманың қалдықтары үшін - 57,25 теңге, полимерлі қаптама – 71,76 теңге, жеңіл/жүк шиналары – 53,08 теңге мөлшерлемесін бекітті. Өтінім беру процесі өте жеңіл: EcoQolday қосымшасына тіркеліп, қалдықтарды тапсыруға өтінім орналастырғаннан кейін жинаушылардан ұсыныстар алуға болады. Келісім жасалғанда, шикізат өткізуге жіберіледі.
Тақырыпты жалғастыру барысында кеңес мүшесі Бақыт Бексейітова өңірдегі шыныны қайта өңдеу, аккумуляторлық батареялардың және жасыл қалдықтардың қайта өңделуі туралы мәселені ортаға салды.
— Бізде шыныны қайта өңдеу әлі жоқ. Қарағанды облысында мұндай тәжірибе бар. Батареялар мен жасыл массаға келетін болсақ, жаз айында іс-шаралар ұйымдастыру мүмкіндіктері бар. «Даму» қоры арқылы шыныны қайта өңдеуді бизнес ретінде орнатуға, және оны Ресейге немесе Қытайға экспорттауға болады. Ұсақтау машиналары арзан, біз процесті ұйымдастыра аламыз, — деді Бақыт Бексейітова.
Спикердің сөзінше, бұл бастама 2017 жылы облыстық мәслихатта осы бағыттағы экологиялық мәселелерді шешу бойынша шаралар әзірленген еді. Бірақ содан бері ешқандай өзгерістер орын алған жоқ.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаев шыныны қайта өңдеу мәселесі шешілмеген күйінде қалып отырғанын мойындады. Алайда, оның айтуынша, батареяларды өңдеуде белгілі бір қозғалыстар бар.
— Батареялар бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару шеңберінде бірқатар бастамалар іске асырылуда. Жоба екі кезең бойынша іске асырылуда және қазір қаржыландыру алу үшін шарт жасасу сатысында тұр. Инвестициялардың жалпы көлемі 6,5 миллиард теңгені құрайды, оның 600 миллионы – өз қаражаты, ал 5,8 миллиарды – халықаралық даму банкі желісі бойынша қарыз, — деп пайымдады Сағын Төлеутаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін қоғамдық кеңес отырысында қоқысты қайта өңдеудің бірыңғай басқару жүйесін құру маңызды екендігі аталып өтілген еді.
Сондай-ақ, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ғарышмониторингі аясында 172 заңдастырылмаған қоқыс полигондары анықталып, он екі заңды тұлғаға айыппұл тағылған болатын.