Павлодар облысында үздік математиктер анықталды
Математика пәнінен XІІІ облыстық жасөспірімдер олимпиадасына 50-ге жуық оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық білім беру басқармасының мәлімдеуінше, «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы жалпы білім беру ұйымдарының 7-8-сынып оқушылары арасында математика пәні бойынша XІІІ облыстық жасөспірімдер олимпиадасын өткізді.
- Олимпиаданың мақсаты - жоғары деңгейдегі олимпиадаларға қатысу үшін оқушыларды рейтингтік іріктеу және жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер мен бағдарламалау бойынша олимпиадалық резервті құру, - делінген хабарламада.
Шараға 47 оқушы қатысты. Оның 25-і 7-сынып оқушысы болса, қалған 22 бала 8-сыныптан. Олимпиада қорытындысында бағдарламалау бағыты бойынша 10 оқушы жеңімпаз бен жүлдегер атанды. Оның ішінде 2 оқушы І дәрежелі дипломмен марапатталса, тағы 2-еуі 2-орынға ие болды. Ал 6 оқушы үздік үштікті түйіндеді.