Павлодар облысында қазақ тілін таңдаған бірінші сынып оқушылары көбейді

Павлодар облысында қазақ тілін таңдаған бірінші сынып оқушылары көбейді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл бірінші сыныпқа қабылданатын 10 640 баланың 52 пайызы қазақ тілінде білім алатын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Азанбаева мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірде 844 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 362 орта білім беру ұйымы, 388 мектепке дейінгі ұйым, 42 колледж және 38 қосымша білім беру ұйымы бар. Сонымен қатар, облыста арнайы білім беру ұйымдары мен жетім балаларға арналған мекемелер де жұмыс істейді.

Бүгінде облыс мектептерінде жалпы 116 мың оқушы білім алуда. Ал жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 10 640 бала қабылданды. Олардың 52 пайызы қазақ тілінде білім алуды таңдаған.

– Мемлекеттік тілде білім алушылардың үлесі кейінгі жылдары тұрақты түрде өсіп келеді. Үш-төрт жыл бұрын бұл көрсеткіш 29 пайыз болса, кейін 35 және 45 пайызға жетті. Биыл алғаш рет 52 пайыздық көрсеткішке көтеріліп отыр, – деді Нұргүл Азанбаева.

Оның сөзінше, Баянауыл ауданының ауылдық елді мекендері мен Май ауданында қазақ тілінде білім алатын балалардың үлесі 100 пайыз. Сонымен қатар, Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларында, Железин және Тереңкөл аудандарында да мемлекеттік тілде білім алушылар саны артып келеді.

Білім басқармасы өкілінің айтуынша, мектептер оқыту тілін өзгертуге дайын. Бұл бағытта білім беру ұйымдарында қажетті жағдай жасалған.

– Жаңа оқу жылына өңір мектептері педагог кадрлармен де толық қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда орта білім беру ұйымдарында 13,4 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Кадрлармен қамтылу көрсеткіші 100 пайызды құрайды, – деді ол. 

Оқулық мәселесі де шешілген. Барлық қажетті оқулықтар мектептерге жеткізілді. Сонымен бірге, оқулық қорының тозуы және оқушылар санының өсуіне байланысты биыл 206 мыңнан астам оқулық пен жұмыс дәптері сатып алынған.

Жаңа басылымдар мектеп оқушыларына, мектепалды даярлық сыныптарына және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған.