Павлодар облысындағы 10 лагерьде қауіпсіздік сабақтары өтті

Павлодар облысындағы 10 лагерьде қауіпсіздік сабақтары өтті
Фото: Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті

Жаз басталғалы балалардың қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыс күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта өңірдегі 11 балалар лагерінің 10-ында өрт қауіпсіздігі, судағы қауіпсіздік, терезеден құлап кетудің алдын алу және төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға арналған сабақтар, викториналар мен тәжірибелік жаттығулар өткізілді.

Жыл басынан бері облыста 26 профилактикалық рейд, тұрғындармен 13 кездесу және ата-аналарға арналған 23 жиналыс ұйымдастырылды. Сонымен қатар тұрғындарға 1630-дан астам ақпараттық-түсіндіру материалы таратылды.

Мемлекеттік органдардың қолдауымен әлеуметтік осал санаттағы 120 отбасының терезелеріне арнайы қауіпсіздік блокираторлары орнатылды. Бұл жұмыстар жалғасып жатыр.

Балалардың қауіпсіздігіне арналған материалдарға қол жеткізу үшін QR-кодтар 100 мың INMART қаптамасына, «Детский мир» дүкендерінің пакеттеріне, медициналық ұйымдардың рецептілік бланкілеріне және ақпараттық стикерлерге орналастырылды. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында «Қауіпсіз терезе» тақырыбындағы билбордтар орнатылып, LED-экрандарда профилактикалық бейнероликтер көрсетілуде.

Сонымен қатар Павлодар қаласындағы салынып жатқан «Достық» шағын ауданында республикада алғаш рет тұрғын үйлердің терезе конструкцияларының қауіпсіздігі тексерілді. Бұдан бөлек, балаларға тұрмыста және көшеде қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін ойын түрінде түсіндіретін арнайы бояу кітабы әзірленді.