Павлодар облысында алғаш рет жол бойында намазхана ашылды

Павлодар облысында алғаш рет жол бойында намазхана ашылды
Фото: ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз қызметі

Құлшылық орны Аққулы ауданына қарасты Тұзқала ауылы жанында  орналасқан, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде алғаш рет жол бойында намазхана ашылды. Нақтылап айтар болсақ, жаңадан салынған намазхана Астана – Семей тас жолы бойында  көтерілді.

– Өтіп бара жатқан  жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау, намазын қаза етпеу, өз уақытында өтеу үшін ауыл жамағатының көмегімен және демеушілігімен намазхана ашылып, ресми түрде тіркелді. Бұдан былай жол бойында келе жатқан жолаушылар үшін намазын  уақытылы оқып кетуіне жеңіл болады, – дейді Павлодар облысының бас имамы Жолдас Қоспақұлы.

Еске сала кетейік, биыл наурыз айында Павлодар әуежайында ұшақпен сапарға шығатын жолаушыларға арналған намазхана бөлмесі ашылған болатын. Арнайы құлшылық бөлмесі жолаушылардың өтініші бойынша діни басқарманың арнайы тіркеуінен өтіп, іске қосылды. Әуежай басшылығымен келісе отырып,  арнайы орынжай толық жөндеуден өткізілген.