Павлодарлық «Ертіс Медиа» холдингіне жаңа басшы келді
Жаңадан келген директор осыдан он жыл бұрын холдингті басқарған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Ертіс Медиа» холдингінің жаңа басшысы болып Руслан Билялов тағайындалды. Оны ұжымға облыс әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраев таныстырды. Жаңадан келген директор холдингті дамыту бойынша алдағы мақсаттары жайлы айтып кетті.
– Уақыт бір орында тұрмайды, сондықтан одан әрі дамуымыз қажет. Холдингтің құрылымына кіретін барлық БАҚ: газеттер, интернет ресурстар, радио дамуы керек деп есептеймін,– деді Руслан Билялов.– Басшылықтың жаңа көзқарасы бар. Әлеуметтік пакетті, холдингтің материалдық-техникалық базасын жақсарту қарастырылатын болады.
Руслан Билялов 1977 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Еңбек жолын 1998 жылы бастаған. Журналист, саясатшы, экономист мамандығы бойынша жоғары білімі бар. «Қазақстан Павлодар» телеарнасында, «Арлан» жеке телестудиясында, сондай-ақ «Ертіс Медиа» ЖШС, Сұлтанмахмұт Торайғыров университетінде диктор, редактор, директор лауазымдарын атқарған болатын.
Соңғы атқарған жұмыс орны - Торайғыров университетінің продюсерлік орталығы.
Еске сала кетейік, «Ертіс Медиа» ЖШС-нің бұрынғы басшысы Аида Хамзина үш жылдай холдингті басқарған.
Фото: Константин Шелков