Павлодар облысының медбикелері кәсіби мерекесінде марапатталды

Өңірде жалпы жеті мыңнан астам медбике жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Медбикелер күнін мерекелеу аясында Павлодар жоғары медициналық колледжінде іс-шара өтті. Шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков, медбикелер, медицина қызметкерлері қатысты.
– Қазіргі уақытта медбикелер медицина қызметкерлерінің ең үлкен санатын құрайды, өйткені медициналық тәжірибеде медициналық қызметтердің үлкен үлесін тек қана медбикелер көрсетеді, – дейді Иран Шаметеков.
Еңбектері бағаланған медбикелердің ішінде мейіргер ер азаматтар да сырқаттанған науқастардың қасынан табылып, қысылғанда қол ұшын беріп жүр. Солардың бірі Ертіс аудандық ауруханасының медағасы Әсет Мерқасымов. Ол Семей облысының тумасы болғанымен өңірімізде жеті жылдан бері еңбек етіп келеді.
– Медбике – біздің қоғам үшін маңызды мамандық. Менің ойымша, бұл жерде ешқандай әйел-ер деген айырмашылықтар болмауы керек. Ең бастысы, жақсы маман болуы қажет, – дейді ол.
Әсет медағалықпен қоса акушер қызметін де атқарған. Ол бес жыл бұрын жолда әйелді босандырып, ұл бала дүниеге келгенін еске алып, қатты әсер еткенін айтты.
Денсаулық сақтау жүйесіндегі жанқиярлық еңбегі үшін медбикелер ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, облыс әкімінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, «SENIM «Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Павлодар облыстық филиалының Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Айта кетейік, өңірімізде жалпы жеті мыңнан астам медбике жұмыс істейді. Оның ішінде мемлекеттік ұйымдарда – 5459, жеке ұйымдарда – 1698.