Павлодарлық донордың ағзаларымен үш адамға трансплантация жасалды
Үш пациент те еліміздің әр түкпірінен келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, оларға бір ағза донорының екі бүйрегі және жүрегімен трансплантация жасалды.
– Мереке алдында Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен Астана қаласының кардиохирургиялық орталығының трансплантологтары, кардиохирургтары, анестезиологтары мен мейіргерлері құрамындағы жоғары білікті дәрігерлер тобы санавиация бортында Павлодар облысына келді. Сонымен қатар, Астана қаласында күту парағында тұрған бағдарламамен іріктелген реципиенттер қосымша талдаулар тапсыру үшін шақырылды, – деп жазылған хабарламада.
Медициналық зерттеп-қараудан өту нәтижесі және комиссияның шешімі бойынша 26 жастағы реципиент анықталды. Ол бүйректің V терминалды сатысы диагнозымен алты жыл бойы гемодиализде болған.
Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында дәрігерлер ересек пациентке кадаверлік бүйрекке трансплантация жасауды сәтті жүргізді. Реципиент палатаға ауыстырылды, бүгінгі күні оның жағдайы жақсы. Бүйрегі толық жұмыс істеп тұр.
Екінші бүйрегі Астанадағы Ана мен бала орталығында балаға трансплантталды. Үшінші ағза – жүректі транспланттау кардиохирургиялық орталықта жүргізілді.