Павлодарда тұрғын жеті ай бойы тегін дәрісін ала алмаған

Павлодарда тұрғын жеті ай бойы тегін дәрісін ала алмаған
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Мәселе әкімнің жеке бақылауына алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков тұрғындардан түскен өтініштерге байланысты №1 емханаға барып, мекеменің жұмысымен танысты. Ол ем алушылармен, медицина қызметкерлерімен және мекеме басшылығымен кездесіп, көтерілген мәселелерді талқылады.

Кездесу барысында дәрі-дәрмектің уақытылы берілмеуі, дәрігер қабылдауына жазылудың қиындығы және талон алу кезіндегі ұзын-сонар кезек мәселесі көтерілді. Тұрғындардың бірі 20 жылдан бері диабет бойынша есепте тұрғанын, алайда соңғы жеті ай бойы тегін дәрісін ала алмай жүргенін айтты. Оның айтуынша, қажетті препарат емханаға жеткізілгенімен, пациенттерге таратылмайды. Сонымен қатар, дәрігерлердің қабылдауы мен медициналық қызмет сапасына ешқандай шағымы жоқ екенін жеткізді.

Тағы бір азамат қан қысымына арналған дәрілерді алу да қиын екенін айтты. Тұрғынның пікірінше, қажетті дәрі келгенімен, оны алу үшін бірнеше рет баруға тура келеді. Бірде дәрі жоқ десе, енді бірде белгілі бір күннен кейін келуді сұрайды немесе басқа дәріханаға жібереді. Бұған қоса, телефон арқылы нақты ақпарат алу мүмкін болмай отырғанын айтты.

Қала әкімі емханаға негізінен егде жастағы адамдар келетінін атап өтті. Олардың уақытын үнемдеу үшін дәрі-дәрмектің бар-жоғын алдын ала білуге мүмкіндік беретін колл-орталықтың жұмысын жолға қою қажет екенін айтты.

– Бір байқағаным, бұл емханаға негізінен аға буын өкілдері келеді. Сондықтан күту уақытын барынша қысқартып, көрсетілетін қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру – басты міндет. Осыған байланысты колл-орталықтың жұмысын жүйелеуді, дәрі-дәрмек беру тәртібін қайта қарауды, тіркеу бөлімінің қызметін жетілдіруді және кезекті азайту бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Тұрғындар көтерген әрбір мәселе жеке бақылауымда болады, – деді Хасар Хабылбеков.

Сонымен қатар, шаһар басшысы жеті ай бойы тегін дәрі ала алмай жүрген тұрғынның мәселесін жеке бақылауға алып, жан-жақты тексеруді тапсырды. Оның атап өтуінше, қажетті препараттар қорда бар.

Әкім таңертең талон алу кезінде ұзын кезек қалыптасатынына да назар аударды. Ол талон беретін орындардың санын көбейтіп, қосымша аппарат орнату арқылы келушілердің уақытын үнемдеуге болатынын айтты.

Кездесу қорытындысында Хасар Хабылбеков емхананың жалпы жұмысына теріс баға бермейтінін жеткізді. Оның айтуынша, тұрғындар дәрігерлердің қызметіне риза. Дегенмен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, тіркеу бөлімінің жұмысын жетілдіру және қызмет көрсетуді ұйымдастыру жүйесін қайта қарау қажет.