Павлодар облысының шәкірттері республикалық Абай оқуларында топ жарды
Бұл шараға 100-ден астам оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Семей қаласы, Абай ауданында «Абай және Шәкәрім» мемориалдық кешенінің базасында 8-11-сынып оқушылары арасында өткен ХХІV республикалық Абай оқуларына 21 команда құрамында 131 оқушы қатысты.
– Абай оқуларының негізгі мақсаты мен міндеттері: қазақ халқының әдеби мұраларын дәріптеу, мектеп оқушыларының классикалық әдебиеттерді оқуға деген қызығушылықтарын арттыру. Абай және Шәкәрім шығармаларындағы эстетикалық талғам мен тұлғалық қасиетті насихаттау, ұлылар поэзиясына, ұлттың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, – дейді облыстық білім беру басқармасында.
Абай оқулары алты бағыт бойынша ұйымдастырылды: «Өлең – сөздің патшасы...» – Абай өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқу, «Абайдың қара сөздері» – ақынның қара сөздерін мәнерлеп жатқа оқу; «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» – Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ақылбай және Мағауия Абайұлдарының шығармаларын мәнерлеп жатқа оқу, «Көңілім әнді ұғады» – Абай мен Шәкәрімнің өлеңдері мен күйлерін орындау, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» – жас ақындар сайысы, «Ұлылар әлемі» – Абай мен Шәкәрімнің шығармашылығына қатысты ұсынылған тақырып бойынша эссе жазу.
Республикалық байқау қорытындысында Павлодар облысының командасы ІІІ командалық дипломмен марапатталды. Ал «Абайдың қара сөздері» бағытында Екібастұз қаласы №36 лицей-мектебінің 9-сынып оқушысы Жүністай Темірлан І дәрежелі дипломға ие болды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» бағытында Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы Қазбек Ибраһим ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. «Ұлылар әлемі» бағытында Май ауданы Жалтыр ЖОББМ 10-сынып оқушысы Өркен Айдана ІІІ дәрежелі дипломды иеленді. Баянауыл ауданы М.Әуезов атындағ ЖОББМ 8-сынып оқушысы Динара Төлеубекова «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының Құрмет грамотасымен марапатталды.