Павлодарлық гір көтерушілер әлем чемпионатынан жүлдемен оралды
Әлем чемпионаты Өзбекстан Республикасының Хива қаласында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәлімдеуінше, дода 7-12 қыркүйек аралығында ұйымдастырылған. Жарысқа 21 елден 575 спортшы қатысты.
Сайыс нәтижесінде екібастұздық Алуа Гайнутдинова U16 тобында 53келі салмақта өнер көрсетіп, қолаға қол жеткізсе, ардагерлер арасында 40-44жас арасында бақ сынаған баянауылдық Танат Бердалин жұлқа көтеру әдісі бойынша екінші орынға ие болып, күміс медаль иегері атанды. Ал ардагерлер арасында 60-64 жас аралығында сынға түскен екібастұздық Қаныбек Масақбаев жұлқа және серпе көтеру әдісі бойынша үздік үштіктен көрінсе, Айдар Капезов те ардагерлер арасында 50-54жас бойынша сайысып, қола медальды қанжығалады. Ол жұлқа көтеру әдісі бойынша сынға түскен.
Айта кетелік, спортшылар БЖСМ “Жасыбай” спорт кешенінде жаттығады. Олардың жеке бапкері Дархан Истаев.