Бұзылған көлік: Павлодарлық тұрғын автокөлік салонынан 12 миллион теңгесін қайтарды
Автокөлік салоны өз кінәсін мойындамағандықтан, іс сот арқылы шешілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Биыл Павлодар облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті арқасында тұтынушыларға 45 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Көлік – құны бойынша ең үлкен қайтарылған зат деп тіркелді.
– Былтыр облыс орталығының тұрғынына көлік сатылды. Кейін көліктің беріліс қорабы істен шыққаны анықталды. Автокөлік салоны өз кінәсін мойындамай, көпке дейін жүрді. Ақыр соңында іс сотқа түсті. Биыл аяқталған соттың шешімімен тұтынушыға 12 миллион теңге қайтарылды,– деді облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Рашид Құсайынов.
Басқа жағдайда автокөлік салоны су жаңа көлік сатып, кілттерін жаңа иесіне табыстады. Алайда, біраздан кейін қала тұрғыны көліктің артқы жағы соғылғанын байқап, салонға мәселесін айтуға барған. Автокөлік салоны тұтынушымен келісіп, соғылған, бұзылған көлік бөлшектерін жөндеп, ауыстыруға келісті.
Рашид Құсайыновтың айтуынша, тұтынушылардың құқық саласындағы түсінігі едәуір өсті.
– 2024 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша департаментке 874 өтініш түсті, оның 656-сі қанағаттандырылды, 124 бойынша түсінік берілді, ал 67-сі басқа органдарға жіберілді. Биыл өтініштер саны жартылай өсті, себебі былтыр 460-қа жуық өтініш түскен болатын,– деді спикер.
Еске сала кетейік, павлодарлық әйел лас кілем үшін өтемақы алды. Қызмет көрсеткен ұйым кілемдегі дақтарды кетірмей, ақша қайтарғысы келмеді.