Железин ауданында еріген қар суының деңгейі түсіп келеді

Железин ауданында еріген қар суының деңгейі түсіп келеді
Фото: Константин Шелков

Бүгінде суды сорғызу, арылту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жайлы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай өзінің instagram марақшасында жариялады. 

– Железин ауданында еріген қар суы жұртшылықты әбігерге салды. Әуелі аудан орталығына ағылған нөпір шеткі көшедегі үйлердің ауласына енген. Төтеншеліктер мен жергілікті азаматтар жұмылып, тасқынды тежеген. Бүгінде суды сорғызу, арылту жұмыстары жалғасуда. Ауыл іргесіне дейін таяп келіп жиналған мол судың деңгейі түсіп келе жатыр, – дейді Жарқынбек Амантай. 

Аудан әкімі Айтуған Шайхимовтың айтуынша, алдағы күндері ауа райы 16-17 градусқа дейін жылынады деп күтілуде. Күзде толассыз жауыннан соң бірден түскен аязда тоңға айналған жерге күрт еріген қар суы сіңіп үлгермей жатыр. 

– Қауіп сейілген жоқ. Осыған байланысты қолда бар арнайы техника мен мамандар шеткері ауылдарды барынша бақылап отыр, – дейді аудан әкімі.

Облыстық төтенше жағдайлар басқармасы басшылары қар суынан қауіп жоқ аудандардан арнайы техникалар мен құралдар су басқан елді мекендерге бағытталып жатқанын хабарлады. 

– Аймақ қаперсіз отырған жоқ. Әлі де қауіптің барын бағамдауда. Әрі қарай бар күшін салып жатыр. Арнайы қызмет өкілдерімен қатар тұрғындар да өз ауылдарын қорғап бағуда. Сын сағатта күш біріктірудің маңыздылығын осыдан көріп отырмыз. Көп ұзамай қауіптің беті қайтып, қалыпты өмірге ораларымызға үміт зор. Ең бастысы үй-жай, мал-жан аман болсын, – дейді халық қалаулысы. 

Сондай-ақ, қарғын су Веселая Роща, Башмачное ауылдарына да дендеп енген. Бірнеше үйге су кіріп, аулаларды басқан. Башмачное ауылына қырдан ағылған суды Ертіс өзеніне қарай 800 метрдей болатын жыра қазу арқылы бұрып, ағызу жұмыстары жүргізілуде.