Шарбақты ауданында «Кітапханадағы кеш» ертегілер әлеміне саяхат сыйлады

Шарбақты ауданында «Кітапханадағы кеш» ертегілер әлеміне саяхат сыйлады
Константин Шелковтың фотосы

Іс- шара республикалық «Kitap Time» акциясы аясында өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кеш қазақ, орыс және украин халық ертегілерінің желісінде ұйымдастырылып, кітапхана ғимараты бір сәтке нағыз ертегі әлеміне айналды. Есіктен кірген сәттен-ақ қонақтарды көңілді Баба Яганың әпкелері қарсы алып, жұмбақтар қойып, күлкіге бөледі. Пеш үстінде жатқан Емеля балаларға «балық аулау» сайысын ұсынды, ал Пушкиннің ертегісіндегі үш арулар мен Иван-царевич түрлі ойындар мен дартс жарысын ұйымдастырды.

Кеште балалармен Муха-Цокотуха, доктор Айболит, Марфушенька-душенька және шығыстық сұлулар да жүздесті. Ақ аю да балалардың сүйікті кейіпкеріне айналды — бәрі онымен суретке түсті.

Екінші қабатта қонақтарды ғалым мысық, ұйқыдағы ару және сиқыршы қарсы алып, қатысушылар өздерінің «армандар картасын» жасады. Сондай-ақ Алдар Көсе туралы мини-көрініс қойылып, әр түрлі шеберлік сабақтары мен фотозоналар ұйымдастырылды.

Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, мұндай шаралар балаларды кітап оқуға баулып, әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

– Ертегілер арқылы біз жақсылық пен ізгілікті дәріптейміз. Бүгінгі шарада балалар өздерін нағыз ертегі кейіпкеріндей сезінді, ал ең бастысы – кітапхана олар үшін қызықты әрі тартымды орынға айналды, – дейді ұйымдастырушылар.

Шара соңында барлық қатысушылар ерекше әсермен тарасты.