Екібастұзда маса мен шіркейге қарсы күрес жүйелі жолға қойылды

Екібастұзда маса мен шіркейге қарсы күрес жүйелі жолға қойылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бүгінде жалпы 30 мың гектардан астам аумақ залалсыздандыру жұмыстарымен қамтылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz  тілшісі.

Екібастұз әкімі Аян Бейсекин бұдан үш жыл бұрын қалада маса мен шіркей мәселесі бақылаудан шығып кеткенін, бірақ бүгінде жағдай түбегейлі өзгергенін атап өтті.  

– Соңғы үш маусым бойы біз ғылыми топтың ұсынымдарын ескере отырып, жаңа әдістерді кезең-кезеңімен енгіздік, жұмыс жоспарларын нақтылап отырдық. Осы уақыт ішінде жағдайды түбегейлі жақсартуға қол жеткіздік, – деді қала басшысы.

Қазір жалпы 30 мың гектардан астам аумақ залалсыздандыру жұмыстарымен қамтылған. Бұдан бөлек, дернәсілдердің негізгі ошақтары саналатын су айдындары биологиялық өңдеуден өтуде.

– Биыл халық көп тұратын елді мекендерді де ескеріп, Солнечный және Шідерті кенттерінің аумақтары өңдеу жұмыстарына қосылды, – деп түйіндеді Аян Бейсекин.

Оның айтуынша, алдағы кезеңге арналған перспективалық жоспар бекітілген. Әкім мердігер ұйымның еңбегін атап өтіп, келесі маусымға нақты міндеттер жүктеді.