«Өлеңдерінде күш бар»: Павлодарлық ақынның мерейтойы тойланды
Өңірдің Құрметті азаматы Шолпан Байғалы мерейлі 75 жасқа толды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапханасында жазушының мерейтойына орай «Ал, аға, айтарымды баяндаймын» атты кездесу кеші ұйымдастырылды. Кездесуге кітапхананың оқырмандары қатысып, мерейтой иесімен сұхбаттасты. Ақын әрі журналист, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі Шолпан Байғалы кітапхана қорына авторлық туындыларын сыйға тартты.
Шара барысында №8 Усолка мөлтек ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Сапарбек Маусымбаев Шолпан Байғалының туындыларының ерекшелігіне тоқталып, өлеңдері мейірімділікке толы екенін атап өтті.
– Шолпанның өлеңдерінде ерекше бояу, өзгеше күш бар. Ол әр туындысын тереңнен ойланып, ойындағысын нақпа-нақ қағазға түсіреді. Мұндай шынайы жазылған өлең әр оқырманның жүрегінен ойып тұрып орын алатыны сөзсіз. Әсіресе, нәзік өлеңдерімен адамды бірден баурап алады, – деді беделді оқырман, құрметті зейнеткер Еркін Баяндин.
Шолпан Байғалының алғашқы өлеңдері Тереңкөл ауданы Қызылтаң ауылында 7-сыныпта оқып жүргенде республикалық «Қазақстан әйелдері» журналында, одан кейін облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Saryarqa samaly»), «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жарияланған болатын. Жергілікті сазгер алғаш жазған «Ауылым», «Туған жер» деген өлеңдеріне Мейрам Ермекбаев ән жазып, топтамалары жарық көрді.