Павлодар облысының үздік жастары қызыл кілеммен жүріп өтті
Қонақтарды салтанатты түрде қарсы алып, концерттік бағдарлама мен фуршет әзірленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Алғашқы «THE BEST» жастар сыйлығын кәсіби қызметте немесе қоғамдық жұмыстарда сіңірген еңбегі үшін жастарды қолдау мақсатында «Олжа» жастар бастамаларын дамыту орталығы ұйымдастырды.
Байқауға қатысуға өтініштер 4-11 тамыз аралығында қабылданды. Тоғыз номинация бойынша 50 адамнан астам өтініш түсті.
Павлодар ауданы «Олжа» жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Зәуір Советтің айтуынша, бұған дейін мұндай шаралар өткізілмеген.
– Алдағы уақытта жыл сайын өткізу дәстүріне айналдыру жоспарымыз бар, – дейді Зәуір Совет. – Осы шара туралы ақпаратты әлеуметтік желілерде жарияланған едік. Қатысушылар өздері өтініш жолдады.
Комиссия мүшелері бағалау барысында қатысушылардың белгілі бір саладағы жетістіктеріне назар аударған. Сондай-ақ ұсыныс хаттары да маңызды рөл атқарды.
Жеңімпаздар тоғыз номинация бойынша анықталды. «Үздік жас медицина қызметкері» номинациясын Любовь Никитенко, «Үздік жас спортшы» жүлдесін Элина Конради алды. Бақыт Сүлейманов «Үздік жас полицей» атанды. Нәзира Смағұлова «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» деп танылды.
«Әлеуметтік желілердің ең үздік жас қолданушысы» ерекше номинациясында Вячеслав Лазников жеңіске жетті. Ольга Киселева «Үздік жас волонтер» атағын жеңіп алды.
Сондай-ақ мүсіншені Рүстем Смағұлов «Үздік жас кәсіпкер», Айдана Бейсембаева «Мәдениет саласының үздік жас қызметкері» және Гүлдана Төленова «Үздік жас мұғалім» атанды.
– Облыста осындай жарыстардың өтіп жатқанына өте қуаныштымыз. Бұл ең алдымен жастарға мерекелік көңіл күй мен үлкен мотивация береді. Бұл шара дәстүрге айналып, жыл сайын өтеді деп сенемін, – деп бөлісті «Үздік жас волонтер» номинациясының жеңімпазы, Рождество ауылдық округінің белсендісі Ольга Киселева.
«THE BEST» сыйлығының ең жас иегері Мичурино ауылының тұрғыны 15 жасар Элина Конради болды. Ол модельдік мектепті ойдағыдай аяқтаған.
– Павлодар облысындағы «Тигр» қоян-қолтық ұрыс қоғамдық бірлестігінде жаттығамын. Наурыз айында қоян-қолтық ұрыстан өткен республикалық чемпионатта күміс медаль жеңіп алдым. Ал шілде айында KYRGYZSTAN OPEN-2023 турнирінің күміс жүлдегері атандым, – деп жас спортшы өзі туралы айтып берді.
Чернорецк ауылының тұрғыны, Рүстем Смағұлов жас кәсіпкер номинациясы үшін жүлдеге ие болды. 32 жастағы кәсіпкер «Смағұлов» шаруа қожалығының басшысы және «СтройГруппPvl» ЖШС директоры. Еңбек жолында көптеген Алғыс хаттар алған.
Рүстем Смағұлов көптеген шараларға белсене қатысып, демеушілік қолдау көрсетеді. Туған ауылының, облыстың өркендеуіне үлес қосуда.
– Сонымен қатар, Павлодар аудандық мәслихатының депутатымын, – дейді жеңімпаз. – Байқау туралы Instagram желісі арқылы білдім. Ұйымдастырушылардың айтуынша, комиссия жастардың бұл бағыттағы тәжірибе мен қоғамдық өмірдегі белсенділік танытуына қарайды. Сондықтан өтініш жолдап, қатысуға бел будым. Еңбегімнің бағаланғанына өте қуаныштымын.
Марапаттау шарасы «Оскар» тақырыбында өтті және мүсіншелер де сол стильде жасалды. Сонымен қатар, жеңімпаздарға мадақтамалар мен ақшалай сертификаттар табыс етілді.
Әсия Серікова