Павлодарда салық кодексіндегі өзгерістер талқыланды
Кірістер мен мүлік туралы декларация жыл сайын ұсынылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Достық үйінің мәжіліс залында Павлодар облысының үкіметтік емес секторы өкілдерінің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында оқыту семинары ұйымдастырылды. Оған Павлодар облысының ҚХА этно мәдени бірлестіктер төрағалары мен өкілдері қатысты. Аталмыш іс-шара «Павлодар облысының ҮЕҰ азаматтық одағының» ұйымдастыруымен өтті.
Семинарда салық комитетінің, әділет департаментінің және статистика басқармасының өкілдері ҚР Салық заңнамасының 2024 жылға арналған өзгерістері туралы айтып берді.
Сондай-ақ, салық комитетінің маманы семинарға қатысушыларға барлық қажетті ақпаратты беріп, жеке кеңестер жүргізді. Іс-шараға қатысушылар салық салу, салық декларациясын тапсыру және салық төлеу жүйелеріне қатысты сұрақтар қойды.
Сонымен қатар, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 2025 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде қолданылып жүрген Салық кодексінің редакциясына енгізілген түзетулер туралы, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдардың құрылтайшылары (қатысушылары) мен акционерлері активтері мен міндеттемелері туралы егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Айта кетейік, жиында салық қызметі болашақта салық төлеушілердің мемлекетке деген сенімін одан әрі нығайтуға бағытталатыны жайлы атап өтілді.