Ақтоғай ауданында берік отбасын құрудың сыры талқыланды

Ақтоғай ауданында  берік отбасын құрудың сыры талқыланды
Фото: Ақтоғай ауданының Аналар кеңесі

Аудандық «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігің құрылғанына 10 жыл, аналар кеңесінің құрылғанына бес жыл толуына орай «Берік отбасы. Берік қоғам. Берік ұлт» атты конференция ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Оған «Нұр-Ана әлемі» ҚБ Павлодар облыстық филиалының басшысы Бақытжамал Максилова және қалалар мен аудандардан аналар кеңесінің төрағалары қатысты. 

Конференцияның ашылуында Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Бибігүл Оспанова «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің барлық мүшелеріне ауданның әлеуметтік саласын дамытуға қосқан елеулі үлестері үшін шын жүректен алғыс білдіріп, отбасылық құндылықтарды нығайту және берік қоғам құру жолындағы осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.

– Отбасы – ұлттың болашағы құрылатын қоғамның негізі, құндылықтарды, мәдениетті, дәстүрлерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін маңызды институт. Әр бала бақыт, махаббат пен түсіністік атмосферасында өсуі керек, – деді Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Бибігүл Оспанова. 

Сонымен қатар, бүгінгі таңдағы ең маңызды мәселелердің бірі – балаларға қатыгездік танытудың алдын алу тақырыбына тоқталды. Оның пікірінше, балаларға қатысты зорлық-зомбылық немесе олардың негізгі қажеттіліктерін ескермеу баланың психикалық дамуына теріс әсер етеді,  құқық бұзушылыққа әкеледі.

Павлодар облысы ҚХА аналар кеңесінің, «Нұр ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжамал Максилова қоғамдағы әйел мен ананың рөлі, отбасы құндылықтары мен отбасы институтының маңыздылығы тақырыбында сөз сөйледі.

– Балаға экономикалық жағдай толығымен жасалса да, рухани азықтың берілуі өте маңызды. Бұл – білім мен тәрбие. Білімсіз адам өмір сүре алғанымен, тәрбиесіз адам өмір сүре алмайды. Баланың жақсы адам болып жетілуі үшін оның негізін ата-анасы қалауы тиіс, – деді Бақытжамал Максилова.

Еске сала кетейік, биыл Ақтоғай ауданының намысын Қараоба ауылының Теміровтер отбасы қорғап, «Мерейлі отбасы»  байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Астана қаласында республикалық сайыстың лауреаттары атанды.  

Жиын барысында бірқатар тұрғындар аудан әкімінің Алғыс хатымен, Павлодар облысы ҚХА, аналар кеңесінің Құрмет грамотасымен  марапатталды. 

Кеш жарқын концерттік бағдарламамен жалғасты.