Павлодар облыстық балалар ауруханасында жиһаз толығымен жаңартылды

Павлодар облыстық балалар ауруханасында жиһаз толығымен жаңартылды
Фото: Константин Шелков

Жабдықтарды сатып алуға 33 миллионнан астам теңге кетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.

Облыстық бюджет қаражатын үнемдеу шеңберінде денсаулық сақтау басқармасы Павлодар облыстық балалар ауруханасына  жиһазды жаңартуға  33 миллион 980 мың теңге көлемінде қаражат бөлді. Бұл қаржыға 275 төсек-орын, 185 тумба, 60 үстел, 240 орындық сатып алынды. 

– Бүгінде облыстық балалар ауруханасының инфекциялық стационары 100% жаңа және әдемі жиһазбен жабдықталған, – делінген хабарламада. 

Еске сала кетейік, биылғы жылдың маусым айында әлеуметтік желіде ата-аналардың бірі ауруханадағы жағдайға көңілі толмай, тозығы жеткен жиһазға шағымданып, видео жариялаған. Ол бейнежазбада төсектердің ыңғайсыздығын және ауруханада жәндіктердің бар екенінн айтқан болатын. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасында 1984 жылы салынған аталған ғимараттың 2008 жылы шатыры ауысырылғанын және одан кейін басқа күрделі жөндеуге қаржы бөлінбегенін хабарлаған.