Павлодар облысында көбінесе шағын инвазивті әдіспен ота жасалады

Павлодар облысында көбінесе шағын инвазивті әдіспен ота жасалады
Фото: pixabay.com

Минималды хирургиялық араласудың нәтижесінде науқастар тез оңалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық онкологиялық диспансерде  2022 жылы 952 ота жасалса, былтыр бұл көрсеткіш 1200-ге дейін өсті. Олардың 84%-ы  –   қатерлі ісікке шалдыққан науқастар. 

– Егде жастағы адамдарда онкология жиірек кездеседі. Біз науқастарды емдеуден бас тартпаймыз. 92 жастағы науқасқа ота жасаған тәжірибеміз де бар.  Кез келген адам жасына қарамастан өмір сүруге және емделуге құқылы,– деді облыстық диспансердің жалпы онкология бөлімшесінің меңгерушісі Ульфат Боромбаев. 

 2015 жылдан бері онкологиялық диспансерде шағын инвазивті әдіспен оталарды жүргізу тәжірибесі енгізілді. Сол кезден бастап арнайы құрал-жабдықтардың барлық желісі сатып алынып, тіндерді 3D режимінде визуализациялауға мүмкіндік беретін бейне-хирургиялық кешенмен толықты. 

– Онкологияда негізгі емдеу әдісі хирургиялық болып табылады. Шағын инвазивті ота  ауырсынусыз тез қалыпқа келуге мүмкінідік береді. Сондай-ақ, мұндай оталардан кейін науқастардың ауруханада жату уақыты қысқарды. Ал бұл өз кезегінде емдеуге қажетті дәрі-дәрмектерді аз қолдануына әкеледі, – деді Ульфат Боромбаев.

Оның сөзінше, патологияның түрлілігіне байланысты әдіс таңдалады. Мысалға, лапароскопиялық хирургия әдісі бүйрек ісіктерінің 80 пайызында, ал бүйрекүсті безінің 100%-да қолданылады. Колоректальды қатерлі ісіктің шамамен 30%-ы лапароскопиялық жолмен де жасалады.