Ара шағу терапиясы: павлодарлықтар неліктен бұл бағытты таңдайды

Ара шағу терапиясы: павлодарлықтар неліктен бұл бағытты таңдайды
фото: Константин Шелков

Дәстүрлі емес медицинаның түрлі бағыттары халық арасында танымал. @Pavlodarnews.kz тілшісі павлодарлықтар ара шағу терапиясын неліктен таңдайтынын сұрастырып көрді. 

Сертификатталған апитерапевт Марина Сандалованың қызметіне деген сұраныстың барын жасырмайды. 

– Апитерапия – бал аралары мен ара шаруашылығы өнімдерін емдік мақсатта қолдануға негізделген альтернативті медицина бағыттарының бірі. Дәстүрлі медициналық әдістердің дамуына қарамастан, бұл ерекше емдеу тәсілін таңдаушылар саны аз емес, – дейді маман.

Ара уы көптеген пайдалы қасиеттерге ие екені белгілі. Ол жүйке жүйесі ауруларына, соның ішінде склероз, Паркинсон ауруы, сондай-ақ артроз, артрит, остеохондроз сияқты буын ауруларын алдын алуға және емдеуге көмектеседі.

– Науқастардың арасында шашыраңқы склероз ауруымен күресіп жүргендер бар. Олар апитерапияныің алғашқы курсында-ақ оң нәтижелерді көре бастады. Әдетте, бір жылда күз және көктем кезінде бір курстан өтуге кеңес беріледі. Ара уы нейроинфекцияны жойып, жүйке қабығының қалпына келуіне ықпал етеді, – дейді Марина Сандалова.

Емдеу әдісі жәндікті денеге қысқышпен қойып, шағып алуына негізделген. Ара уы ағзаға енген соң, оның емдік әсері басталады. Бірақ, бұл процедура мұқият бақылауды және белгілі бір ережелерді сақтауды талап етеді.

Мәселен, емдеу алдында сынама жасалады. Алғашқыда ара теріге бір секундқа қойылып, ағзаның реакциясы тексеріледі. Аллергиялық реакция туындауы әбден мүмкін, бірақ өте сирек кездеседі. Әр жүз адамның біреуінде ғана аллергия болуы ықтимал. Егер бәрі қалыпты болса, көрсеткішке байланысты 10 және одан да көп сеанстан тұратын курс жүргізіледі. Апитерапия 30-40 күнге созылып, осы уақыт ішінде пациент 100–150 ара шағуын қабылдайды. Бастапқыда бір шағудан басталып, біртіндеп 20 шағуға дейін жеткізіледі.

Марина Сандалова емдеу кезінде арнайы диетаны сақтау және алкогольден бас тарту қажеттігін атап өтеді, себебі ол ара уының әсерін төмендетеді. Сонымен қатар, апитоксиннің әсерін күшейтіп, аллергия қаупін азайту үшін науқастарға прополис қабылдау ұсынылады.

 – Әдістің ерекшелігіне қарамастан, апитерапияға сұраныс жоғары. Қазіргі уақытта кезекте бес адам тұр, ал өткен жылы 15 пациент толық емдеу курсынан өтті. Көпшілік бастапқыда ара шағуынан қорқады. Дегенмен, бірнеше сеанстан кейін бейімделіп, ара уының кезекті дозасын қабылдайды, – дейді маман.

Сонымен қатар, павлодарлықтарға ем қабылдау барысында ара шаруашылығының басқа өнімдері де ұсынылады. Мысалы, балауыз көбелегінің тұнбасы дем алу-өкпе ауруларының алдын алу үшін қолданылып, туберкулезбен күресуге көмектеседі. Мәселен, аналық сүті және балтозаң жоғары минералды құрамымен ерекшеленіп, денсаулыққа оң әсер етеді. Жалпы, ара өнімдері ағзаға кешенді ықпал етіп, түрлі аурулардың алдын алу және емдеу үшін пайдалы.

Өңірдегі апитерапевттер карпат және өзбек араларына басымдық береді.

– Бұл ерекше жәндіктер «павлодарлық» немесе «павлодарлық емес» деп бөлінбейді. Емдеу үшін кез келген аралар жарамды. Бізге кең таралған түрлері қолжетімді. Сібір араларын қолданбаймыз, олар тым «ашулы», – деп әзілдейді маман.

Апитерапия кезінде денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін сәттерді ескеру маңызды. Бұл тәуекелдер сынақ сеансы барысында анықталады. Ем мөлшерін мұқият бақылап, апитерапевттің ұсыныстарын сақтау қажет. Өйткені, тұрғындар арасында өсімдік тозаңы, бал өнімдеріне аллергия көп кездеседі.

Тозаңға аллергиясы бар адамдарға бал ұсынылмайды. Оның орнына балтозаңды таңдауға болады. Бір өсімдіктен алынған бал да аллергия  тудырмайды.