Павлодар облысы ауылдарында 30 жаңа медициналық нысан салу жоспарлануда
Сондай-ақ, биыл 16 денсаулық сақтау нысанын жөндеу мен жаңартуға 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан баспасөз конференциясында мәлім етті.
– Өкінішке орай, онкология сырқаты бойынша Павлодар облысы үшінші орында. Осыған байланысты бұрын бізде болмаған жаңа жабдықты қолданып, ерте диагностиканы кеңейту есебінен онкологиялық науқастардың 5 жылдық өмір сүру көрсеткіші 51%-дан 57%-ға дейін арттырылды, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімінің айтуынша, 2024 жылдың наурыз айында облыс орталығындағы №1 қалалық аурухананы ауқымды жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.
– «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» аясында екі жыл ішінде 15 мың ауыл тұрғыны үшін 30 жаңа медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, биыл 37 жаңа санитарлық көлік сатып алып, алдымыздағы екі жылда көлік қажеттілігін толығымен шешеміз, – деді аймақ басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері облыс экономикасына 235 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға көп.