Павлодар оқытушылары Еуропаға барып жаңа тәжірибе жинап келді

Павлодар оқытушылары Еуропаға барып жаңа тәжірибе жинап келді
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Болгарияда ерекше қажеттілігі бар балалар мәселесі талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылдың қыркүйек айында Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті Эразмус+ бағдарламасының «Денсаулығы бұзылған және ерекше қажеттіліктері бар жастарды сауықтыру бойынша академиялық серіктестік» тақырыбы бойынша консорциум құрамына енген болатын. 

Консорциумға 9 мемлекеттен білім және ғылыми ұйым кіреді: Болгария, Түркия, Италия, Хорватия, Сербия, Эстония, Венгрия, Молдова және Қазақстан оқу орындары.

Былтырғы жылдың 20 желтоқсанында аталмыш университеттің базасында ғылыми-зерттеу тобы құрылды. Оның жетекшісі болып «Өнер және спорт жоғары мектебінің» оқытушы-зерттеушісі, PhD докторы Евгений Кольев тағайындалды. 

Бұл жобаның өзектілігі бірнеше факторларға байланысты. Біріншіден, қазіргі заманғы отырықшы өмір салтының ықпалымен ерекше қажеттіліктері бар студенттердің саны артып келеді. Екіншіден, мұндай адамдармен жұмыс істеу әдістемелері ескірген. Яғни, заманауи инклюзияға қоғамның сұранысы бар. Міне, сондықтан, ерекше қажеттілігі бар адамдарға жан-жақты көмектесу үшін олардың денсаулығын жақсартудың толыққанды кешенді бағдарламасы әзірлеуні қажет. Бұл жобаның басты мақсаты – осы, – дейді Евгений Кольев.

Қаңтар айының соңында Болгарияның Стара-Загора қаласында жобаны іске асырудың жоспары мен стратегиясын талқылауға бағытталған бастапқы кездесу өтті. Жиынға барлық серіктестер қатысты. Қазақстан тарапынан Марғұлан университетінің оқытушылары Евгений Кольев және Нұрболат Алпысбай барды.

Кездесу барысында жоба үйлестірушісі – Тракья университетінің өкілі, профессор Дарина Заимова жобаны басқару және қаржыландырудың негізгі бағыттарымен таныстырды. Сонымен қатар Эразмус+ талаптарына жаңа өзгерістер туралы хабарлады, – делінген хабарламада.

Барлық серіктестердің өкілдері өздерінің университеттерімен және жобаны жүзеге асыру жоспарымен таныстырды. Кездесу соңында барлық қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, ұйымдастырушыға үлкен алғыстарын білдірді.

Евгений Кольевтің айтуынша, университеттің Эразмус+ бағдарламасының консорциум құрамына енуі осы салаға жаңаша серпін бермек. Атап айтсақ, Еуропалық тәжірибені қабылдауға, ерекше қажеттіліктері бар студенттермен жұмыс істеуде күш біріктіруге және халықаралық байланыстарды орнатуға тамаша мүмкіндік.