Қызыл-жасылды: Павлодарлықтармен гүл өсірудің қыр-сырымен бөлісті
Облыс орталығында бөлме өсімдіктері сатылымға қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Фиалочка» клубының мүшелір жергілікті тұрғындар үшін бөлме өсімдіктерін сату көрмесін ұйымдастырды. Клуб мүшелері гүл өсірушілер мен әуесқой бағбандарға өсімдіктерге күтімді қалай дұрыс жасау керектігін түсіндіріп, пайдалы кеңестер берді. Сондай-ақ шегіргүлді жапырақ арқылы көбейту бойынша шеберлік сабақтар өтті.
Көрмеде тұрғындар суккуленттер, шегіргүлдер, тредскантиялар, пеларгониялар және сингониялардың алуан түрлерін көріп, сатып ала алды.
«Фиалочка» клубының мүшесі Елена Бабаеваның сөзінше, осындай шаралар жылына бір рет ұйымдастырылып жатады.
– Осындай шарада бөлме өсімдігін қалай өсіріп, оған дұрыс күтім жасаудағы нені ескеру керектігін білуге болады. Әдетте адамдар гүлді дүкеннен сатып алып, ары қарай оған қандай күтім жасау керектігін білмейді,– деді Елена Бабаева.
Оның айтуынша, гүлдер көңіл күйіңді көтеріп, депрессиядан арылуға көмектеседі.
– Гүлдерді өсіру бұл–хобби. Жаман ойлар мазалап тұрған кезде, не болмаса қарбалас күндерден шаршап шатқанда әдемі, құлпырып өскен өсімдіктер сені қуантып жібереді,– деп бөліседі.– Мен өзім шегіргүлді ұнатамын. Оның 160 түрін үйімде өсіремін. Олар түрі, түсі, өлшемі бойынша бөлінеді. Мысалы, жай ғана қызыл түстің өзінен қызғылт, күлгін түстес шегіргүлдерді табуға болады. Шегіргүлдің гүлдері 5 сантиметрден 50 сантиметрге дейін жетеді.
Аталған көпжылдық өсімдіктің құрметіне клуб құрылды. Оған 20-дан астам гүл өсірушілер, бағбандар кіреді. Ай сайын өтетін жиналыста олар тәжірибелерімен бөліседі, көшеттермен алмасады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram