Павлодарда қатты музыка қойған көршілерге полиция келді
Өңірде тыныштықты бұзған үш мыңнан астам тұрғын жауапқа тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тұрғындардан көбіне түнгі уақытта қатты музыка, шулы көршілер және көпқабатты үйлердің ауласында немесе терезе астында шулаған жастарға қатысты шағымдар түседі.
Соңғы оқиғалардың бірінде Қайырбаев көшесіндегі тұрғындар түн ортасынан кейін бірнеше сағат бойы қатты музыка қойып, тыныштықты бұзған көршілеріне шағымданған. Ескертулерге қарамастан шу тоқтамағандықтан, полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттама толтырды.
– Осындай жағдай Набережная көшесінде де тіркелді. Мұнда тұрғындардың тыныштығын үйдің терезесі астында шулаған жастар бұзғды. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартып, тыныштық сақтау талаптары жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деді департаментте.
Павлодар облысының полиция департаменті азаматтарға заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын еске салды. Егер тұрғындардың түнгі тыныштығына шулы көршілер немесе жөндеу жұмыстары кедергі келтірсе, құқық бұзушыларға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.