Ақсуда бірнеше ошақта құрғақ шөп жанды
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жаяу барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ақсу қаласы ТЖ бөлімінің мәліметінше, сағат 17.08-де мұнай базасының артында екі ошақта құрғақ шөп жанған: біріншісінде – 15 га, екіншісінде – 5 га. Өрт сағат 05.54-те сөндірілді.
Сағат 21.47-де Алғабас және Қызылжар ауылдық округтерінің арасында құрғақ шөп жанған. Тілсіз жауды ауыздықтауға аталған екі ауылдан өрт сөндіру бекеттері, № 5 өрт сөндіру бөлімі, бір автоцистерна, үш адам, Ленин кентінен № 5 өрт сөндіру бөлімі жұмылдырылды. Шамамен 30 гектар қамыс жанған.
– № 5 өрт сөндіру бөлімі орманшылармен бірге орман қорының 34-ші кварталына дейін барған. Бес гектар аумақта құрғақ шөп пен қамыс жанған. Сол жерде Алғабас ауылдық округінен ерікті өрт сөндіру құрылымдарынан үш адам шықты. Орман қоры аумағында тұтану болмады. 34-ші кварталға қауіп төнбеді, – дейді Ақсу қаласы ТЖ бөлімі басшысының м.а. Қанат Түсіпбаев.
Алғабас ауылдық округінде төрт ошақта құрғақ шөп жанған: бірінші ошақ – 45 га, екінші ошақ – 47 га, үшінші ошақ – 40 га, төртінші ошақ – 18 га. Елді мекен тұрғындары мен орман қорына қауіп төнген жоқ. Өрт сағат 06.45-те сөндірілді.
Өрт болған ошақтарға баруға мүмкіндік болмаған, себебі айналасында су айдындар қоймалары орналасқан. Бірінші ошақта – 45 га, екіншісінде – 47 га, үшіншісінде – 40 га, төртіншісінде 180 га жанған.
Бұдан басқа, Ақсу кентінде шаруа қожалығына тиесілі жайылымда құрғақ шөп жанған. Өртті Павлодар орман шаруашылығынан сегіз орманшы «Нива» көлігімен сөндірген.